Canterbury Christ Church University-де ғылыми тағылымдама

2023 жылғы 1 ақпанда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім Министрі Саясат Нұрбек бастаған Қазақстандық ЖОО ректорлары делегациясының қатысуымен «Жоғары білім саласындағы мемлекеттер ынтымақтастығы арқылы мемлекетаралық байланыстарды нығайту» Ұлыбритания-Қазақстан 9-Үкіметаралық комиссиясының отырысында Лондонда Yessenov University мен Canterbury Christ Church University өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
 
Меморандум аясында 2024 жылғы 20 қаңтарда Yessenov University «Экономика» білім беру бағдарламасының докторанттары мен MBA/ EMBA магистранттарынан, сондай-ақ олардың басшыларынан құралған топ Ұлыбританияға ғылыми тағылымдамадан өтуге бірегей мүмкіндік алды.
 
Шетелдік жетекші университеттердің бірінде ғылыми тағылымдамадан өту Yessenov Univetsity докторанттарының ғылыми-зерттеу жұмысының міндетті компонентіне айналды.
Тағылымдама барысында докторанттар мен магистранттар шетелдік университеттің және оның ғылыми зертханаларының қызметімен, ғылыми әзірлемелерімен танысып, әлемнің үздік профессорларының дәрістеріне қатысып жатыр. Сонымен қатар, олар өздерінің ғылыми жетекшілерімен бірге докторлық диссертацияларының жоспарын жасақтап, Canterbury Christ Church University кітапханасында шетелдік материалдарды зерттеу жұмысын белсенді жүргізуде.