Университеттің тарихы

«Университет – білім мен ғылымның одағы», – деп көрнекті неміс ғалымы В.Гумбольдт айтқандай, университет – білім мен ғылымды тоғыстырып, талапкерді білімнің биігіне, ғылымның өріне шыңдайтын қасиетті шаңырақ. Әрбір университеттің тағылымды тарихы, игі дәстүрлері, шеберлік мектептері, ұлағатты ұстаздары мен талантты шәкірттері болады. Ол сонысымен елдің абыройын асырып, қоғамның мақтанышына айналады. Елдің атын шығарып, келешегін айқындауда университеттердің алатын орны ерекше, әлемдік өркениет тарихында бұған мысалдар жетерлік.

Бүгінде «YESSENOV UNIVERSITY» брендімен «ашықтық, ықыластылық, креативтілік» сынды құндылықтарды ұлықтап, қазақстандық жоғары білім саласында өзіндік орнын айқындай алған Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті бүгінде Маңғыстау облысындағы жоғары білім мен ғылымның, мәдениеттің орталығына айналып отыр. Өзінің қырық бес жылдық тарихында университет дамудың белгілі бір кезеңдерінен өтті.

Университеттің құрылу кезеңі 1976-1983 жылдар аралығында Маңғыстау өңірінде тұңғыш жоғары оқу орнының негізі қаланып, өнеркәсібі өркендеп келе жатқан облысымыздағы «мамандар ұстаханасы» ретінде қалыптасты.

Облыс басшылары мен министрліктің көп күш салуының арқасында СССР жоғары мектеп министрлігі Республиканың ұсынысын қанағаттандыруға шешім қабылдап, 1976 жылы 5 наурызда ҚазССР жоғары және орта кәсіптік білім министрі Т.К.Катаев қол қойған №195 Бұйрық шығады. Онда: «Батыс Қазақстанның халық шаруашылығын инженер мамандармен қамтамасыз ету мақсатында және Маңғышлақ облысы партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің кепілдемесіне орай Шевченко қаласындағы Каспий аймақтық тау-кен комбинаты жанынан В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының жалпытехникалық факультетін ұйымдастыруды бұйырамын», – деп жазылған болатын.

Жалпытехникалық факультеттің деканы болып Қазақ тау-кен институтының (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) түлегі, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Кеңесбай Табылдыұлы Табылдиев тағайындалды.

Кеңесбай Табылдыұлы Табылдиев (1931-2016) – көрнекті ғалым. Қазақстан таукен-металлургия институтын “Пайдалы кен орындарының геологиясы» мамандығы бойынша бітірген. Шолақтау кенішінде геолог (1953-1957), Қазақ КСР Ғылым академиясының Геология институтында кіші ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі (1957-1976) болып қызмет істеген. 1976 жылы В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ-дің Шевченко қаласындағы Жалпытехникалық факультетінің деканы болып тағайындалады. 1983-1992 жылдары – кафедра профессоры қызметінде болды. 1996 жылдан ҚР Ұлттық ғылым академиясы Геология инетитутында ғылыми қызмет атқарды. Фосфат геологиясы саласының көрнекті маманы. 60-тың үстінде ғылыми еңбектің, “Геология терминдерінің орысша-қазақша сөздігінің» авторы болып табылады.

Ғұлама ғалым Қ.И.Сәтбаевтың дарынды шәкірті, бұрын ҚазССР ҒА-ның Геология институтының секторын басқарған, тәжірибелі ұйымдастырушы, жан-жақты білім иесі, талантты ғалым К.Т.Табылдиев – кейін геология-минерология ғылымдарының докторы болды, «СССР Жоғары білім беру ісінің үздігі». Аймағымыздағы тұңғыш жоғары оқу орнын ұйымдастыру мен қалыптастыруда К.Т.Табылдиев көп қайрат пен күш-жігер жұмсап, жалпытехникалық факультеттің өркендеуі мен өз алдына ЖОО болып қалыптасуының негізін қалады.

1983-2001 жылдары оқу орны В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының Жалпытехникалық факультетінен ҚазПТИ-дің Ақтау филиалы мен кейін біріктірілген Ақтау политехникалық институты және Атырау университетінің Ақтау филиалы секілді аралық баспалдақтардан өтіп, өз алдына дербес жоғары оқу орны – Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетіне айналды.

1983 жылдан бастап жас та, жігерлі ғалым Е.Т.Божанов ЖТФ деканы болып тағайындалды. Есберген Толқшылықұлы Божанов – 2001 жылға дейін жиырма жылға жуық Маңғыстаудағы бірінші жоғары оқу орнының басшысы болып, оның өркендеп, дамуына өзінің зор үлесін қосқан ұйымдастырушы ғалым. Оның кезінде жоғары оқу орны В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының жалпытехникалық факультетінен өз алдына ҚазПТИ-дің Ақтау филиалы, Ақтау политехникалық институты деңгейлерінен өтіп, Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетіне айналды.

Божанов Есберген Тоқшылықұлы 1943 жылы 1 мамыр күні Алматы облысы Дегерес аулында дүниеге келген. 1960 жылы С.М.Киров атындағы ҚазҰУ-нің математика факультетіне оқуға қабылданып, оны ойдағыдай бітіреді. 1973 жылы физика-математика ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғап шығады. 1976 жылдан бастап В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында оқытушылық қызметін бастайды. 1981 жылы физика және математика кафедрасы бойынша доцент ғылыми атағы беріледі.

Есберген Тоқшылықұлы 1983-1990 жж. – Шевченко қаласындағы Жалпытехникалық факультетінің деканы, 1990-1993 жж. – В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ Маңғыстау филиалының директоры, 1993-1996 жж. – Ақтау политехникалық институтының ректоры, 1996-2001 жж. – Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің ректоры болып, өлкеміздегі алғашқы жоғары оқу орнының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты.

Е.Т.Божанов Қазақстанның батыс аймақтарына қажетті көптеген жаңа мамандықтардың ашылуына күш салды. Еңбектегі жетістіктері үшін СССР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің Құрмет грамотасымен (1984), «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» (1992) құрметті атағымен марапатталған. 1993 жылы профессор ғылыми атағы беріледі. Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ғылым академиясының толық мүшесі. ҚР Білім беру ісінің еңбегі сіңген қызметкері. Ақтау қаласының Құрметті азаматы.

Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында облысымыздың рухани өмірінде болған бір жағымды жаңалық – Ақтауда өз алдына дербес жоғары оқу орнының ашылуы еді. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1993 жылғы 7 маусымдағы №472 Қаулысымен В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының Маңғыстау филиалы Ақтау политехникалық институты болып қайта құрылды. Бұл оқу орнының тарихындағы жаңа беттердің басталуы болатын. Алғаш рет ҚазПТИ-дің Жалпытехникалық факультеті болып ашылғаннан он жеті жылдан кейін өз алдына институт болып құрылуы облыс өміріндегі елеулі оқиға болды. Институттың ұйымдастырылуы мен ашылуында Маңғыстау облыстық әкімшілігі, Ақтау қалалық әкімшілігі, ҚР Білім министрлігі, Қазақ «КАТЭП» корпорациясы, «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігі, Каспий аймақтық құрылыс басқармасы және қала мен облыстың басқа да жетекші өнеркәсіптері маңызды роль атқарды.

ҚР Жоғары білім министрлігі басшылығы Ақтау политехникалық институтының алғашқы ректоры етіп осы оқу ордасын бұрыннан басқарып келе жатқан Е.Т.Божановты тағайындады.

Белгілі геолог ғалым, Маңғыстау мен Батыс Қазақстандағы мұнай-газ кен орындарын алғаш ашушы, Лениндік және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Шахмардан Есенұлы Есеновтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Маңғыстау облысы басшылығының ұсынысымен ҚР Министрлер Кабинетінің  1995 ж. 1 шілдедегі № 767 Қаулысымен Ақтау мемлекеттік университетіне академик Шахмардан Есенұлы Есеновтің аты берілді.

Шаһмардан Есенұлы Есенов (1927 – 1998) – көрнекті инженер, геолог ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, талантты өндірісті ұйымдастырушы. Қазақ таукен-металлургия институтын бітірген (1949 ж.). Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі.

Шаһмардан Есенұлы Есенов 1927 жылы 5 тамызда Қызылорда облысы Шиелі ауданы Тартоғай селосында дүниеге келген. Ол осында орта мектепті, ал 1944 жылы Қызылорда педагогикалық техникумын бітіріп, сол жылы Қазақ тау-кен институтының геология-барлау факультетіне оқуға түседі.

Жезқазған кешенді геологиялық-барлау экспедициясында аға геолог, бас геолог, бас инженер (1949-1960), Қазақ ССР Геология Министрінің орынбасары (1960-1961), Министр (1961-1965), Қазақ ССР Министрлер кеңесі Төрағасының орынбасары (1965-1967), Қазақ ССР Өндірістік геологиялық комитетінің Төрағасы (1965-1967), Қазақ ССР ҒА Геология ғылымдары институтының директоры, Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президенті  (1967-1974), Қазақ ССР Геология Министрі (1974-1978), Қазақ политехникалық институтында «Пайдалы қазбалардың кен көздерін іздестіру және барлау әдістері» кафедрасының меңгерушісі (1978-1994) қызметтерін атқарған.

Білім беруді реформалау тұжырымдамасы мен мамандар даярлаудың көпдеңгейлі жүйесін жүзеге асыру мақсатында 1996 жылы ҚР Министрлер Кабинетінің 7 мамырдағы №573 қаулысымен Ақтау политехникалық институты мен Атырау университетінің Ақтау филиалының базасында Ш.Е.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті құрылды. Бұл жаңа құрылым бірте-бірте техникалық, мұнай-газ, құқықтық-экономикалық және педагогикалық сала мамандарын дайындайтын жоғары оқу орны болып қалыптасқан көпсалалы оқу орнының негізін қалады.

1996 жылы жаңа құрылыммен қайта құрылған Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде 4 оқу корпусы (жалпы алаңы 29523 м2), 450 орындық жатақхана, 100 орындық оқу залы, спорт залдары мен жаттығу алаңдары, 150 орындық асхана, есептеу орталығы, көбейту цехы, т.б. болды. 5 факультетте күндізгі оқу түрінде 4050, сырттай оқу түрінде 2267 студент оқыды.

1996 жылы 1 қыркүйекте Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің қызметкерлері 418 адам болды, оның ішінде 273 профессорлық-оқытушылық құрам, олардың ішінде 3 ҚР ҒА-ның корреспондент мүшесі, 5 профессор, 50 ғылым кандидаты, доцент, 3 докторант және 20-ның үстінде аспирант болды.

2001 жылы университет басшылығына белгілі ғалым, тәжірибелі ұйымдастырушы Әшімжан Сүлейменұлы Ахметов келді. Ол университетті 2001-2005 жылдар аралығында басқарды.

Әшімжан Сүлейменұлы Ахметов (1950-2012) – көрнекті ғалым, қоғам қайраткері. 1950 жылы 23 ақпанда Жамбыл облысы Новотроицкое аулында дүниеге келген. 1973 жылы Ленинград технологияллық институтын бітіреді. 1973-1978 жылдары – Ленсовет атындағы ЛТИ-дің аспиранты. 1978-1989 жж. Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде доцент, декан, проректор болып қызмет істеген. 1989-1992 жж. Санкт-Петербург технологиялық университетінің докторанты.

2001-2005 жылдары Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін басқарды. 2005-2006 жж. – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, 2006-2008 жж. – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының ректоры, 2008 жылдан өмірінің соңына дейін Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры болды. Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Инженерлік академиясының және ҚР Жоғары мектеп академиясының академигі.

«Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Астана», «Қа­зақ­стан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Рес­публикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған

2005 жылғы тамыз айында Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы Ақтау мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды.

Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы Әбжаппаров көрнекті ғалым, қазақстандық қазіргі заманғы жоғары білім беру мен ғылымды ұйымдастырудың негізін салу мен дамытудың көрнекті өкілі.

1950 жылы 10 ақпанда Қырғызстанның Ош обласы Араван ауданында дүниеге келген. 1967 жылы Түркістан қаласында орта мектепті күміс медальмен тәмамдайды.

1999-2001 жылдары ҚР БҒМ Жоғарғы және орта арнаулы білім беру департаментінің директоры, 2001-2005 жылдары С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарған. 2005 – 2013 жж. – Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің (кейін Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті) ректоры, 2013-2014 жж. – Республикалық техникалық және кәсіби білімді дамыту және санат беру ғылыми-әдістемелік орталығы бас директорының міндетін атқарушы, 2014-2018 жж. – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры.

«Жоғары білім беру саласындағы еңбектегі үздік жетістіктері үшін»,  «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» төсбелгілерімен марапатталған, «ҚР Еңбек сіңірген қызметкері», Мемлекет басшысының Алғыс хаты, «ҚР инженерлікті дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісі, 2010 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 2017 жылы «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Университет кешенінің жобасында қажетті инфрақұрылымдар барынша қарастырылды. 2007 жылдың маусым айында Ақтау қаласының 32 шағын ауданында университет кампусының құрылысы басталды. Екі жылдан кейін бұл жерде жаңа университет корпусы бой көтеріп, 2009 жылы күзде пайдалануға берілді. 2009-2010 оқу жылын университет ұжымы жаңа оқу корпусында қарсы алып, қыркүйек айында мұндай оқу үдерісі басталды. Жарық та жайлы аудиториялар, кең дәліз, атриум, мәжіліс залдары мен дәріс залдары, дәмхана мен асхана, кітапхана мен оқу залы – барлығы талапқа сай жабдықталып, студенттердің оқуына барлық жағдай жасалған. Он бес қабаттық ортадағы бас корпуста университет әкімшілігінің құрылымдары, төрт қабатты ғимараттың үш қанатында Теңіз технологиялары институты, Педагогикалық технологиялар институты, Экономика және құқық институты орналасқан.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2010 жылы маусым айында Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келгенде Каспий мемлекеттік университетінде де болып, университет ұжымымен кездесуі – жоғары оқу орнының тарихындағы ерекше оқиға болды.

«Қазір жастардың білім алуына барлық жағдай жасалып жатыр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері біз білім беру саласында көптеген жұмыстар жүргіздік. Соның бірі бүгінгі өздерің оқып жатқан жаңа университет ғимараты. Мұндай барлық жағдай жасалған тамаша ғимаратта білім алған сіздердің Маңғыстаудай өндірісті өлкенің қарқынды дамуына лайықты үлес қосуларыңа тілектеспін», – деді Президент студенттер қауымына.

Елбасы университеттің құрметті меймандар тілек жазатын Құрмет кітабына алғашқы болып өзінің мынадай тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды:

«Қымбатты студенттер мен оқытушылар!

Сіздер мемлекетіміздің даму кезеңінің аса жауапты уақытында оқып, қызмет етіп жүрсіздер. Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ұжымына білікті мамандар даярлап, Маңғыстау облысының, елдің индустриялық-инновациялық дамуына үлес қосуын тілеймін! Жаңа университет қалашығы, ондағы кітапхана, жатақханалар мен спорттық-сауықтыру кешендері, мәдениет сарайы, тұрғын үйлер барлығы да сіздердің игілігіңіз үшін. Қазіргі заман талабымен игеріп жатқан мамандықтарыңыз еліміздің көркеюіне жұмсалсын!

Университеттің жаңа оқу ғимараты құтты болсын!

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев

«09.06.2010 жыл».

2013 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетінің ректоры  болып  ҚР Білім және ғылым министрінің 26 наурыздағы бұйрығымен университет ректоры болып Ботабеков Әділбек Қожабекұлы тағайындалды.

Әділбек Қожабекұлы Ботабеков – техника ғылымдарының кандидаты, Халықаралық транспорт академиясының академигі.

1959 жылы 18 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. 1982 жылы В.В.Куйбышев атындағы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітірген.

1982-1985 жылдары – Алматы сәулет-құрылыс институтының оқытушысы, 1986-1988 жылдары – В.А.Кучеренко атындағы Құрылыс конструкциялары орталық ғылыми-зерттеу институтының аспиранты болды. 1988-2008 жылдары – Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының оқытушысы, доценті, профессоры, факультет деканы, проректоры, вице-президенті; 2008-2013 жылдары – М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының президент-ректоры; 2013-2017 жылдары – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры болып қызмет істеді.

«Құрмет» орденінің иегері (2011). «Қазақстан Республикасы білімінің Құрметті қызметкері» (2005), «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы табысы үшін» (2009) төс белгілерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

Ә.Қ.Ботабеков басқарған жылдары университетте оқу процесін оңтайландыру, материалдық-қаржылық үнемдеу, қалыптық-құқықтық құжаттарды жасақтауды жүйелелеу мен бірізділендіру бағытында жұмыстар жүргізілді. Университеттің ішкі құрылымдарында өзгерістер енгізіліп, әсіресе оқу басқармасы, оқу-әдістемелік жұмыстарды реттеуге арналған шаралар алынды. Университет қызметкерлері мен білім алушыларға арналған әлеуметтік қоржын бекітіліп, жолға қойылды.

Ш.Есенов атындағы КМТИУ Каспиймаңы мемлекеттері университеттерінің ассоциациясының (АУПГ); Университеттердің Ұлы Хартиясының (Magna Charta Universitatum, Болонья қ. (Италия); EURASHE – Жоғары оқу орындары Европалық Ассоциациясының; Университеттердің Евразиялық ассоциациясының; Қазақстан Республикасы университеттері ассоциациясының, сондай-ақ Мұнайшылардың халықаралық қоғамының (SPE) мүшесі болып табылады.

2017 жылы қыркүйек айында – жаңа оқу жылының басында оқу орнына жаңа ректор, жігерлі жас ғалым Б.Б.Ахметов келді.

Ахметов Берік Бақытжанұлы  – техника ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. 1985 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Ақпараттық жүйелер» мамандығын, механика-математика факультетінің ақпараттық жүйелер кафедрасының аспирантурасын бітірген.

2006-2013 жылдары осы оқу орнының ақпараттық жүйелер кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарған. 2011-2013 жылдары – оқу процесі бөлімі, оқу-әдістемелік басқарма басшысы. 2013-2017 жылдары Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар бойынша вице-президенті қызметінде болған.

Халықаралық деңгейдегі тағылымдалар мен біліктілік арттыру курстарынан өткен: University of Pierre Mendes (Франция), Alecant university (Испания) (2010-2011);

Carlvon Ossietzky universitat Oldenburg – постдокторантура бағдарламасы (Германия, 2011-2012); АҚШ Жоғары білім саласындағы зерттеулер орталығының біліктілік арттыру курсы, University of California университеті  (Berkeley, 2014); Англиядағы жоғары оқу орындары басшыларына арналған курс, Regent’s university London, university of Oxford, university of Cambridge, Brunel university (2014);

Соңғы жылдары Ш.Есенов атындағы КМТИУ-да уақыт талап етіп отырған үдеден шығып, жоғары білім мен ғылымды дамытудың заманауи талаптары тұрғысынан тың өзгерістерге бой ұруға деген құлшыныс күшеюде. Мұндай талпыныс, әсіресе, ағымдағы оқу жылында ерекше қарқынмен – мазмұндық та, құрылымдық та тұрғыдан көрініс тауып, тек университет оқытушылары мен білім алушыларының ғана емес, жалпы облыс тұрғындарының көңілдерінен шығуда.

Ұжымның ынтымағы мен бір мақсатқа жұдырықтай жұмылып, алға басуы, әлбетте ұйымның басшысына байланысты екені айдай ақиқат. Университеттің жаңа қарқыны, заман талабына сай өз мақсатын анықтап, алдына айқын міндеттер қою арқылы ілгерілеуге батыл ұмтылуы – университеттің жаңа ректоры Ахметов Берік Бақытжанұлының қызметімен тығыз байлынысты екені де ақиқат.

2018 жылдың мамыр айында Ел Президенті Қ.К.Тоқаев өңірдегі жалғыз жоғары оқу орнының ғимаратына соғып, ғылыми жетістіктерімен және Теңіз академиясының материалдық базасымен танысты.

Университеттің миссиясы мен мақсатымен танысып, Есенов университетінің брэнді аясында толық ақпарат берілді. Студенттер мен шетелден келген оқытушылармен кездесуде ұсыныс-тілектерін жеткізіп, президентпен емін-еркін пікір алмасты.