Жаңашыл ұстаз

Мәртебелі және абыройлы, қазіргі заманға сай жаңашыл ұстаз – қоғам айнасы. Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби: «Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген, және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, ешбірін ұмытпайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер-білімге құштар, жаны таза және әділ, жұртқа үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін ержүрек болуы керек» – деген екен. Тізбектелген бұл қасиеттер ұстаз мамандығының бейнесін айқара ашқандай. Аталмыш мамандықтың біз үшін де, қоғам үшін де маңызы зор. Заман өзгерген сайын, қоғам дамыған сайын соған сай технологиялар да өркендей берері сөзсіз. Осыған байланысты біраз мамандықтың өз маңызын жойып, тарих қойнауына кеткені немесе сан қилы мамандық пен түрлі кәсіптің өзара кірігіп, жаңа тың сапаға ие болып жатқаны да аян. Осы ретте педагог мамандығы қашан да өз маңызын жоймай, керісінше адам мен қоғам тұрғанда әрқашан ең қажетті мамандықтың бірі әрі бірегейі болып қала беретіні ақиқат. Себебі, ешкім білім саласын айналып өте алмайды.

          Ұстаздың міндеті – ол кез-келген білім алушымен тіл табысу және онымен  бірге жаңа нәрсені үйрету мүмкіндігіне ие болу үшін педагогикалық тәртіпке ие болуға тиіс. Үркіту арқылы емес, шын мәнінде ыңғайлы жолдармен. Мұғалім өзін жоғары ұстамауы тиіс. Ол, кез келген оқушы сияқты, кейбір сәттердің қателіктері мен түсініспеушіліктері үшін кешірім сұрайтын адам ғана.

          Қазіргі заманғы мұғалім қандай болуы керек: ол білім алушыларды үйрете білуі, пәнге деген қызығушылығын арттыра білуі керек, балалар білім алу үшін сабаққа келуге ынтасы артады.

          Кез келген ғылым бір орында тұрмайды, сол секілді «қазіргі мұғалім» әр жылы жаңалықтар ашып, жұмыстанып отыруы керек. Шын мәнінде мықты ұстаз болу үшін өз мамандығыңызды сүйе білу керек, университет қабырғасындағы кейбір кітаптарды оқып қана қоймай, оларды өзгеріссіз балаларға тарату үшін жаңа әдістер керек. Оқытушы өз пәні бойынша эрудит болуы міндетті, ал мәлімет толық, қызықты әрі әдемі ұсынылып қана қоймай, өзекті болуы тиіс.

          Жаңашыл ұстаз дегеніміз кім?  Оқыту әдістерін үнемі жаңартып отыратын, ең немқұрайлы оқушыларды қызықтыра алатын жаңа және ең тиімді әдістерді іздеп, үнемі жаңалық ашып жүретін жан. 

          Жақсы ұстаз болу үшін көптеген талаптар керек. Бәрі бірден болмайды, бірақ белгіленген тәртіппен жүйеге келген әрбір адам үлкен ыждахаттылықпен мұғалім болуды үйрене алады. Қазақ халқы үшін ұстаздықтың орны ерекше, келешегі үлкен екендігі де сондықтан. Мәселен, ертеректе ауылдың ақсақалдарына, жасы үлкен кісілерге сәлемдескен жас буынның «молда бол, балам» деген баталы сөзді жиі алатыны көркем әдебиеттен белгілі. Сол заманда ауыл молдаларының балаларды жинап алып, әріп үйретіп, ұстаздық еткенін ескерсек, бұл батаның астарында балалардың болашақта малшы не егінші емес, көзі ашық, көкірегі ояу, болашағы кемел, келер ұрпаққа берері мол ұстаз болуын қалаған үлкен тілек жатыр. Тіпті әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу насыр әл-Фараби де Түркістан өңірінің топырағында өсіп өнген. XIX ғасырда білім мен ғылымның шамшырағы болған, даналықтың бойтұмары  Абай Құнанбайұлын қазақ елінің ұлы ұстазы десек те болады. Ұлы, дархан даладан осындай қайталанбас мыңдаған ұстаздар шыққан. Осы ғұламалардың өсиеті, бүгінгі рухани жаңғыруымыз негізінде, жаңа заманға сай  жаңашыл, бәсекеге қабілетті педагогтарды білім сахнасына шығару мақсатында Презитентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың қолдауымен түрлі игі бастамалар қолға алынуда. Солардың бірегейі – алдыңғы жылдың 26 желтоқсанында Парламент қабылдаған «Педагог мәртебесі туралы» Заңы. Аса көп талқылануды қажет еткен, төрт бағытты қамтитын бұл заңның негізгі мақсаты ұлағатты ұстаздар қауымының құқықтарын кеңейту, өзіне тән емес жұмыстардан босатып, жүктемесін азайту еді.

          «Үкіметке білім саласына білікті мамандарды тарту үшін жалақыны төрт жыл ішінде екі есеге көбейтуді тапсырамын» – деген Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың сөзі еліміздегі барша ұстаздардың құлағына майдай жаққаны ақиқат. Десе де, Президенттің «білікті мамандар» деген сөзіне баса назар аударған жөн. Осы тұрғыда «Білікті маман қандай болу керек?», «Білім сапасын көтерудің негізгі тетігі неде?» деген сұрақтардың тууы заңды.  Оқытатын оқушыға деген шынайы сүйіспеншіліктің болуы, әрбір сабаққа қатысты мәліметті аса зор ықыласпен түсіндіре алуы, білім беру жүйесінің сапалылығы, жоғары дәрежедегі теориялық білімінің болуы, ізденгіштігі, құзіретті, толерантты тұлға қалыптастыруға деген  креативті ойлары, кәсіби шеберлігі мен шығармашылық қызметі  бұл сұраққа жауап бола алады. Сонымен қатар, егер мұғалім халықаралық олимпиада, түрлі байқаулар жеңімпазын әзірлесе, үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы алады. Сондай-ақ, «магистр» деңгейіндегі мұғалімдердің жалақысына үстеме қосылады. Осы ретте еңбек демалысы, жүктемесі, медициналық сақтандыру қатаң түрде ескерілетіні де айтылды. Көңіл қуантарлығы, ұстаз денсаулығы ақшаға сатып алынбайтын, әрбір шәкірт үшін маңызды фактор ретінде бағаланғандығы. Заңға сәйкес, енді мұғалімдер сақтандыру жүйесімен жылына бір рет толық медициналық тексеруден өтіп, жеңілдікпен емделу мүмкіндігіне ие болады.

Бұл аталған түрлі игі бастамалардың басты мақсаты ұстаз атаулының қоғамдағы беделін көтеріп, білім культін одан ары жетілдіру болып табылады. Дегенмен, педагогтар тарапына беріліп жатқан үлкен мүмкіндіктердің де өз қайтарымы болуы шарт. Сол үшін білім беруде қалыптасқан дәстүрлі формадан тыс жаңашылдыққа бас бұруымыз қажет деп санаймын. XXI ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры деп аталатыны мәлім. Сондықтан біз ұстаздар, шәкірттерге ғылым негіздерінен мәліметтер беріп қана қоймай, оларды дүниежүзілік білім, ақпараттармен суарып отыруға тиіспіз. Бұл істе нәтижеге қол жеткізу үшін, әрбір ұстаз қоғамда болып жатқан тез өзгеріп тұратын әлеуметтік-эканомикалық, педагогикалық өзгерістерге төселгіш, жаңаша ойлау жүйесін меңгерген, жан-жақты білімді, тұтас дүниетаным бар рухани бай адам болуы қажет. Өз пәнінің шеңберінде қалып қойған мұғалім балаға білім беруде, тәрбиелеуде биік мақсаттарға жете алмайтыны анық. Еліміздің ертегі жас ұрпақтың қолында екендігін ескерсек, ал оларды терең білімді, жан-жақты дамыған, интеллектуалдық деңгейі жоғары етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы – оқушыларға білім берудің тиімді әдістері мен тәсілдерін іздестіру, шығармашылығын дамыту. Бұл да шебер, білікті мұғалімнің еншісіндегі дүние.  Әлемнің бірнеше елінен сынақтан өткізілген жаңаша оқытудағы модульдік, дамыта оқыту, деңгейлі саралап оқыту, сын тұрғысынан ойлау секілді технологияларды мұғалім өз ізденісі арқылы оқушының қабілетіне, деңгейіне сай іріктеп қолдануы тиіс. Сонымен қатар, әрбір жаңашылдыққа ұмтылған ұстаз кәсіби шеберлігін жетілдіруде өзінің стратегиясын құра білуі қажет.

          Ендеше, ұстаздар қауымы мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, қарастырылған жеңілдіктерді ескеріп, өз пәнін жете меңгерген, жаңашылдыққа жаны құмар кәсіби, білікті мамандар шоғыры білім сахнасында дендейді деп сенеміз. Білім сапасы қашан да, ұстаз қызметінің сапасына тығыз байланысты.

Ақбөбек Болатқызы

 

 

                      Бүгінгі білім   –  сапасы

   Білім – ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек.

  Талаптың өзінің біраз шарттары бар.Оларды білмек керек,

    білмей іздегенмен табылмас.                                   32 сөз.Абай Құнанбаев

 

     Қазіргі  кезде еліміздегі білім беру үдерісіне енген білім беру бағдарламасының мазмұны жаңарып, оқытудың парадигмасы өзгеруде. Бүгінгі білім беру  мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесі енгізілген және оқытудың әр түрлі әдіс – тәсілдерімен  түрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру. Оқу процессіне қойылатын жаңа талаптар өз бетінше қалыптан тыс және шығармашылықпен ойлау және әрекет ету.Көптеген  оқушы студенттердің дербестік белсендіктерін жеке сапа ретінде қалыптастыру  шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселелері туындайды. Сапалы білім беру –  мұғалім бейнесімен танылатын сан алуан элементтер арасындағы байланыс болып табылады, ол өзі белгілі бір деңгейде тәуелді жағдайлар жасалған кезде жүзеге асырылады.Сапалы білім беру оқушылардың қоршаған орта және оқыту, білім алу мүмкіндіктерінің бірлігі ретінде  қарастырылады.

  Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет – деп  президентіміз айтқандай  рухани реформатор хәкім Абайдың «Толық адам» формуласын ұстана отырып, ақыл мен қайратты, жүректі бірдей ұстанса кадрлардың кәсіби біліктілігі мен деңгейінің өсетіні сөзсіз.Тұлғалар ұжымда белсенді болса, мектептің желкені қайырылмай, түзу бағытта жүзеді.

  Жапон халқының жетістікке жету жолында кайдзен тәсілін кез келген салада қолданады.Кайдзен философиясы қай салада да  сапаның құлдырауын күтпей , керісінше  ағымдағы процестерді жақсартуға мүмкіндік іздеу. Әрдайым  жетістікке жету жаңаны іздеп табуға ұмтылыс  білім беру жүйемізге ауадай қажет. Оқушының  сапалы білім алуын, мұғалімнің сабақ берудегі стилін   жоғарылатуға  ұмтылып,  қол жеткізетін нәтижені алдын ала көре  білу қабілетімізді  дамытсақ, білім саласында  көптеген кемшіліктер жойылар еді.Мектептерде  оқу орындарда  заманға сай кең жолақты интернеттің іске қосылуы, ноутбук,  моноблок, принтер, интерактивті тақтаның болуы да нәтижелі жұмысқа әкеледі.

Педагог Мағжан Жұмабаев «Қазақтың тағдыры келешекте ел  болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі.Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай – ақ серттесуге болады»  деген. Еліміздің өркендеуі мен  дамуына үлес қосатын – бәсекеге қабілетті құзіреттілігі қалыптасқан жастарға сапалы білім  мен тәрбие беру жолында әр ұстаздың  табысты еңбегі болмақ.  Бүгінгі күннің мұғалімі – шығармашылық адамы.Ол қанша ізденсе, болашақ ұрпаққа соншалықты сапалы білім бермек.Ендеше мұғалім күш – қуатын көңіл күйін  жоғары көтере білсе, сонда сабақ беру сапасы арта түсіп еңбегі жанады.