Сақып Керелбаев атындағы атындағы оқу аудиторияның ашылу рәсімі

20 желтоқсан күні Yessenov University-де Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжановтың қатысуымен мемлекеттік қызмет саласының ардагері, қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Сақып Бүркітбайұлы Керелбаев атындағы оқу аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аталмыш жаңа оқу аудиториясы көркем безендіріліп, аталмыш тұлға хақында көптеген мәліметтер мен фотосуреттері, жазған еңбектері ерекше көрініс тапқан.

Салтанатты рәсімінен кейін Yessenov University мәжіліс залында «Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық дамуы және С.Керелбаев феномені» атты ғылыми-көпшілік жиыны өтті.

Ғылыми жиында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов ресми құттықтау сөз сөйлесе, содан кейін қайраткер С. Керелбаев хақында замандас достары, үзеңгілес әріптестері:  Даржок Сейбағытов, Қайролла Ережепов, Ақмоншақ Баужанова, Жалғас Жапақов, Нұрнияз Мұқанов, Саламат Нұрұлы және Yessenov University-нің профессор-ғалымы, филология ғылымдарының кандидаты, «Қазақ филологиясы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әділет Қабылов, туған-туыстары атынан ағасы, ҚазКСР еңбек сіңірген дәрігері Сайын Керелбаев тұщымды естеліктерімен бөлісті.