Сәлем, Есенов түлектері!

Share on social networks

Қолыңызға диплом алып, Көк ордамыздың түлегі атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгін – Сіздер үшін ерекше тебіреніс пен толқынысқа толы күн. Бүгін – кешегі өткен еңбекті қорытындылап, ертеңгі болатын болашақтың көрінісін жоспаралайтын күн.
Қолыңыздағы диплом осыған дейін жасалған 4 жылдық еңбектің нәтижесі, ал оның жемісін көру үшін жасалатын ендігі қадамның адымы өте үлкен және ол қадамды қалай жасайтыныңыз да біз үшін маңызды. Себебі, сен бізбен, біз сенімен бірге өстік, қиындықтарды бірге өткердік, жеңістерге бірге жеттік. Алдағы жолдың бөлек бір әлем екенін ескеріп, оның бағытын дұрыс таңдай білесің деп сенемін.

 

Дәл қазір, жаныңызда тұрған ата-анаңызға, жақындарыңыз бен достарыңызға Университет ұжымы атынан үлкен алғысымды білдіргім келеді. Рақмет! Осы сәтті мүмкін қылғандарыңыз үшін. Рақмет! Түлектерімізді 4 жыл бұрын бізге сеніп тапсырғандарыңыз үшін. Оларды әрдайым қолдап, жанында болғаныңыз үшін, Үлкен Рақмет! Оларды тану, оларға үйрету және, әрине, олардан үйрену де біз үшін үлкен мәртебе. Олардың болашағы жарқын екеніне сеніміміз мол, және біз олармен мақтанамыз!

Биылғы түлектер мен үшін, шынымен, ерекше. Менің Есеновтегі алғашқы жылымда, тәжірибелі студент ретінде мені қабылдап, тың идеяларды қолдап, оны бірге жүзеге асыруға көмектескен де сенсің. Сенімен бірге Есенов болмысына ребрендинг жасап, қазіргі уақытта білім ордамыздың үздіксіз жаңғыру мен даму жолында жүргеніне сенің қосқан үлесің зор. Университеттің негізгі құндылықтарын бірге анықтап, бірге қалыптастырдық. Ашықтық, ықыластылық, креативтілік. Осының барлығы сенің өмірлік ұстанымың болғанын қалаймын.

Өміріңіздегі маңызды күндердің бірін бүгін осындай жағдайда қарсы аламын деп елестетпегендеріңізді білемін. Білім ғимараты ішінде үлкен сахнаға шығып, қолға диплом алып, бас киімдеріңізді көкке лақтырып, достарыңызбен қуанышты бөлісіп, мәз-мейрам болған жүздеріңізді көру біздер үшін де ерекше сәт болар еді. Бірақ, әлемді өзгерткен пандемия бұл жоспарды да түбегейлі өзгертіп, барлығымызды қанжылтқаны рас. Оны да ерекеше тарихи сәт деп қабылдайық.

Соңғы жарты жыл бойы әлеммен бірге covid-19 салдарын өткеріп келеміз. Сенімсіз, қиын-қыстау кезеңнің алдында тұрмыз. Оған қарамастан, мұны ескерту қоңырауы деп қабылдаңыз. Тарихта болған қиындықтар, ауыр кезеңдер, сол заманның батырларын анықтаған. Сол себептен, қазіргі жас буын үшін, сіздер үшін үлкен мүмкіндік деп біліңіз. Себебі, осыған дейін қалыптасқан қағида болып келген дүниелерді бұрынғыдай қабылдаудың қажеті жоқ. Сіз жаңа норманы, жаңа форматты, жаңа стандарттарды жасақтай аласыз. Неғұрлым әділетті және бәріне мүмкіндік беретін, адамдарды бөлу үшін емес, олардың арасында көпірлер салатын, бәріне тең қарайтын қоғамды қалыптастыра аласыз.

Сөзсіз індет те ұзамай аяқталар, экономиканың өрлеуі де алыс емес. Біз қазіргі жағдайымыздан бұрынғыдан да күшті, бұрынғыдан да мықты болып шығуымыз керек. Ол үшін, тарихтың маңызды сәттеріндегідей, бұл тек сіз сияқты жастарға байланысты. Сізге осындай ауыр жүкті жүктеу сәл әділетсіз де шығар. Бірақ, бұл сын-тегеурінді қабылдауға дайын екеніңізді және одан еш еңселмей өтетіндеріңізге кәміл сенімдімін.

Қорыта келгенде, айтқым келетіні…..
Армандай біліңіздер! Армандауды ешқашан тоқтатпаңыздар! Сіздердің әрқайсысыңызда бұл әлемге айтарлықтай үлес қосатын потенциалдарыңыз бар.Арман жолында әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Оны жеңуге ұзақ уақыт кетіп, шыдамас қиындықтар да болуы мүмкін. Бірақ, осы сын тегеуріндерден тұрарлықтай өту үшін, сізде қуатты жігер де, креативті көзқарас та бар. Оқу жолында қажымас еңбектеріңіз сізді ұлы жеңістерге дайындағанын ешқашан ұмытпаңыздар!!!

Құрметті, Yessenov University түлектері!
Университет ұжымы атынан дәрежеңізді сәтті аяқтауыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Әлемнің қай бұрышында болсаңыз да, жеке тұлға болып қандай жетістіктерге жетсеңіз де, Есенов жанұясының мүшесі екеніңізді, Есеновтың бір бөлшегін өзіңіңзбен алып жүргеніңізді ұмытпаңыздар!
Мерекелеріңізбен!
Сіздермен Университет қалашығында тағы бір рет жүздесуді және сіздің қуанышыңызбен бөлісуді асыға күтеміз…

#yessenovgraduation2020