Yessenov University студенті Қазақстанның атынан Бахрейндегі байқауға қатысады

15 желтоқсан күні Алматы қаласында Huawei компаниясы ұйымдастырған «Huawei ICT Competition 2023-2024 Kazakhstan» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
 
Yessenov University «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының «Ғылым және технологиялар» факультетінің 4 курс студенті Өтебай Оралбай байқау нәтижелерінде 1-орынға ие болып, ұйымдастырушылардан медальмен, сертификатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
 
Huawei Академиясының ICT АКТ нұсқаушысы, «Компьютерлік ғылымдар» кафедрасының аға оқытушысы Жилкишбаева Гүлназ Сейтбекқызы да «Huawei ICT Competition 2023-2024 Kazakhstan» сертификатымен марапатталды.
 
2023 жылғы 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өткен ICT Competition іріктеу турына Қазақстанның 25-тен астам университеттерінің өкілдері қатысты.
 
Өтебай Оралбай жарысқа Computing track бағыты аясында қатысты. Computing Track бағыты заманауи технологиялардың кең спектрін қамтиды, соның ішінде бағдарламалау, желілік технологиялар, бұлтты есептеу және заманауи ақпараттық технологиялардағы құзыреттердің кең ауқымын көрсететін басқа да салалар.
 
Оралбай байқауда ұсынылған күрделі тапсырмаларға қатыса отырып, желілік технологиялар саласындағы тамаша білімі мен дағдыларын көрсетті. Оның қатысуы Yessenov University студенттерінің білімі мен дайындығының жоғары деңгейін көрсетеді.
 
Computing Track бағыты бойынша Yessenov University үздік студенті Өтебай Оралбай 2023 жылғы 18-21 желтоқсан аралығында Бахрейнде өтетін Халықаралық байқауда Қазақстанның атынан қатысады.