Service learning Yessenov University-де

Yessenov University 2018 жылдың  1 қыркүйегінен  бастап  Қазақстанның мемлекеттік жоғары оқу орындарында теңдесі жоқ «Service learning», яғни  «Қоғамға қызмет ету»  деп аталатын  жаңа пән  енгізеді.

Жаңа 2018-2019  оқу  жылының  1-курс  студенттері  Yessenov University-дің  алғашқы болып «Service learning» инновациялық технологиясы арқылы  білім алатын болады.

Yessenov University қабырғасында «Қоғамға қызмет ету» жаңа пәнін ұйымдастыру бойынша әріптестіктің шарттары мен принциптері бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек  үстелге  қатысушылар арасында  Маңғыстау облысының мемлекеттік мекемелерінің өкілдері, Отбасы үлгісіндегі Балалар ауылы, № 2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы КММ, Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубы ҚММ, сондай-ақ «Эко Маңғыстау» ҚБ, «Әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығы», «Мейірім» (Балалардың зорлық-зомбылықтан зардаптарын қорғау) ЖШС, АРДА (Аутизммен ауыратын балалар ата-аналарының қоғамдық бірлестігі) сияқты үкіметтік емес ұйымдар да бар.

Yessenov University ректоры Б.Б. Ахметов  әріптестерімен  университеттің  болашағы туралы өз  көзқарасымен  бөлісіп,  «Қоғамға қызмет ету» жаңа пәніне қойылған міндеттері мен мақсаттарын түсіндірді. Жобаның  координаторы  И.В.Бисингалиева  өз презентациясында  жаңа  пәнді  енгізудің кезеңдері мен ерекшеліктерін  ашып айтты.

Пәннің басты мәні студенттердің әлеуметтік жобаларды құру және оны жүзеге асыру болып табылады. Студенттер әлеуметтік жобаларды құруды  дәріс сабақтарында  дайындалады. Семестр бойы студенттер әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысатын болады. Әлеуметтік пайдалы іс-әрекеттер барысында студенттер жалғыз басты қарттар мен жас мүгедектерге ерікті көмек көрсету арқылы және  Маңғыстау облысының нақты экологиялық жобаларына қатысу арқылы қоғамға қызмет көрсетудің құнды тәжірибесін алады.Пәннің  қорытынды  бағасы  студенттің өз жұмыс нәтижелерін қорғау мен  қорытынды  эссе  жазу арқылы бағаланады  Әріптес  ұйымдардың өкілдері  жаңа  пәнге үлкен қызығушылықтарын танытты, студенттердің жобалық  жұмыстары туралы сұрақтар мен тілектер айтылды. Дөңгелек үстел шақырылған қонақтармен екі жақты келісімге қол қоюмен аяқталды.