Каспий кәсіпкерлік орталығы – жас кәсіпкерлерге арналған бастау алаңы!

Share on social networks

Бизнес және құқық факультеті Каспий кәсіпкерлік орталығының 16 қыркүйек күні жастар арасында кәсіпкерлік қызметті кеңінен насихаттау мақсатында ашық есік күні өтті.

Іс-шара өз идеяларын белсенді түрде жүзеге асырып жатқан студенттік стартаптардың өнімдері мен жобаларының қайырымдылық жәрмеңкесімен басталды. Түскен қаражаттың бір бөлігі Қазақстан Республикасындағы Бала жылына арналған «Каспий толқыны-2022» XIII Маңғыстау шығармашылық фестивалінің мүмкіндігі шектеулі дарынды балаларға арналған сыйлықтарын сатып алуға жұмсалады.

«Бизнес және құқық» факультетінің деканы Омарова Айжан Игілікқызы алғы сөзінде келген қонақтар мен студенттерді құттықтап, еңбектеріне жеміс, жеке кәсіп ашуда сәттілік тіледі.

Сонымен қатар шара аясында кәсіпкерлік қызмет бойынша жеке консультациялар жүогізілді:

*«Атамекен» ҚБ бизнес-тренері Есбергенова Бибігүл. «Өз кәсібіңді қалай ашуға болады»;

* «Даму» қорының мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруы» – бағдарламаларды насихаттау жөніндегі бас менеджер Костулиева Назгүл Әділбекқызы;

* «Нөлден бизнеске несие» бойынша  Ақтау қаласындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ жеке тұлғаларға қызмет көрсету жөніндегі бас менеджері Мергенова Адель;

* «Кәсіпкер оңтайлы салық режимін қалай таңдай алады» тақырыбында  Ақтау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері Уришанов Дәулет;

Сондай-ақ, Есенов университетінің психологы Райхан Бекмановадан студенттер кәсіпкерлікпен айналысуға дайындығы бойынша экспресс-тест тапсырып, кеңестер алды.

Арнайы қонақ, корпоративтік инновациялар бойынша сарапшы, Disruptive.vc инновациялық даму платформасының Қазақстандағы өкілі Александра Филатова халықаралық маркетинг және шетелде стартаптарды іске қосу тәжірибесімен бөлісті.

Шара соңында Орталық меңгерушісі Асырова Лаура Кәсіпкерлік курсында оқитын және жобаларын қорғайтын студенттер арасында стартап жобаларға арналған Yessenov Startup марафонының басталғанын хабарлады.