Huawei ICT Competition 2023-2024

 «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасы бойынша «Ғылым және технология» факультетінде оқитын Yessenov University студенті Өтебай Оралбай Бахрейнде өткен «Huawei ICT Competition 2023-2024» халықаралық жарысында Гран-при иегері атанды.
 
Оралбай Computing Track бағыты бойынша Қазақстан атынан қатысты.
Computing Track бағыты бойынша Есенов университетінің нұсқаушысы Жилкишбаева Гүлназ Сейтбекқызының сүйемелдеуімен қазақстандық команданың құрамына Yessenov University, KBTU, АЭжБУ студенттері кірді.
 
Huawei АКТ саласындағы таланттар жарысы Бахрейн политехникалық институтында өтті, жарысқа әлемнің 11 елінен (Қазақстан, Ирак, Оман, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Иордания, Ливан, БАӘ, Бахрейн, Кувейт, Катар) барлығы 20 команда қатысты.
 
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 21 желтоқсанда Бахрейн университетінде өтті. Салтанатты рәсімде Таяу Шығыс және Орталық Азия Huawei Президенті Steven Yi жеңімпаздарды құттықтап, сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
 
Yessenov University жанындағы Huawei ICT Competition 2023-2024 Middle East & Central Asia EXCELLENT ICT ACADEMY 2023 жылдың ең үздік Huawei Академиясы болып танылды.
 
Өтебай Оралбай байқаудың жүлдегері ретінде Қытайдағы әлем бойынша 500 университеттен 20 000 студент қатысатын жаһандық байқауға аттанады.
 
Оралбайды лайықты жеңісімен құттықтаймыз!
Студентімізге әлемдік аренада Қазақстанның намысын әрдайым аброймен қорғауға тілектеспіз!