«Баку жазғы энергетикалық мектебі-2023» форумына қатысушылар Yessenov University-не арнайы келді

Әзірбайжан астанасында тұрақты ұйымдастырылатын бұл форумның бағдарламасы энергетика және экология мәселелерін зерттеуге, әсіресе, Каспий теңізінің проблемаларына басымдық береді. Сондықтан Баку жазғы энергетикалық мектебінің ауқымы кеңейіп, биылғы қатысушыларды алғаш рет Ақтау қаласына да алып келген. Зерттеуші ғалымдар мен ізденушілер үш күн бойы Маңғыстау облысының энергетика саласындағы әлеуетімен танысады.
 
Ақтау қаласындағы Әзірбайжан консулдығы, «Әзербайжан орталығы» қоғамдық қоры мен АДА университеті және Маңғыстау облысының әкімдігі бірге өткізіп жатқан бұл шараға АҚШ, Испания, Италия, Нигерия, Сауд Арабиясы, Жапония, Қытай, Венгрия, Болгария, Чехия, Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан елдерінен қатысушылар жиналған.
Олардың қатарында энергетикалық компаниялардың мамандары, түрлі мемлекеттік мекемелердің, елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ энергетика және экология мәселелерін зерттейтін ғалымдар, журналистер бар.
 
Кампус-тур кезінде Yessenov University академиялық жұмыс жөніндегі вице-президенті Қайырбек Макулов, халықаралық офис басшысы Айгүл Досымбекова мен осы офис маманы Алишер Балтабай, халықаралық жоба жетекшісі Айсұлу Жұмырова, Әзірбайжан орталығының басшысы Илкин Оруджов, теңіз академиясының деканы Болат Сарсенбаев пен академия профессоры Жолдыбай Жумаев оқу орнымыз бен білім беру бағдарламалары туралы ақпарат берді.
 
Қонақтарды жақында ашылған Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты және Маңғыстауда қолға алынған жаңартылатын энергия арқылы жасыл сутегін өндіру жобасы қатты қызықтырды.