Yessenov University ғалымдары Әбіш Кекілбайұлының жаңа жыр жинағын құрастырып шығарды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қазақтың біртуар тұлғасы Әбіш Кекілбайұлының тағылымын замандастары мен жас ұрпаққа үлгі қылды.
 
Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының биылғы 85 жылдығы қарсаңында Маңғыстаудағы Есенов университетінің оқытушы-ғалымдары кемеңгер қаламгердің үшінші жыр жинағын құрастырып шығарды. Кітаптың аты – «Дәурен кешкен».

Әбіш ағамыз әдебиетке ақын болып келіп, өмірінің соңына дейін өлеңнен қол үзбеген. Бірақ жазбаларын жариялауға асықпай, ұзақ жыл сыр сандығында сақтаған. Бұл кітапта бұрын еш жерде жарық көрмеген өлеңдері және БАҚ-та шыққанымен, жинақтарына енбеген жырлары мұқият жинақталып, түгелге жуық топтастырылды.

Жинақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын «Әбіш Кекілбаев шығармашылығы қоғамдық сананың жаңғыруы контексінде» атты гранттық жоба аясында әзірленді. Құрастырып, алғысөзі мен түсініктерін жазғандар – жоба жетекшісі, Yessenov University профессоры Әділет Қабылов және PhD докторант Бақтыбай Жайлауов.

«Ақынның елуінші, алпысыншы, тоқсаныншы, екімыңыншы жылдары жазған өлеңдері түйірлеп түгенделді, тірнектеп жинақталды. Жыр дәптеріндегі шығармалары алғаш рет әдеби айналымға түсіп, оқырманқауымға жол тартып отыр.
Мұндағы әр өлеңнен сол тұстағы елдің жағдайын да байқаймыз. Басқаның басындағы көңіл күй жалпы көпті қызықтыра бермеуі мүмкін, ал Ә.Кекілбаевтың өлеңдері ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Бұл бағыттағы ізденістеріміз әлі де жалғасады», – дейді PhD докторант Бақтыбай Жайлауов.
 
Ғылым күні мерекесінің аясында 16 сәуірде жаңа кітаптың таныстырылымы өтті. Шараға зиялы қауым, ғалымдар, ел азаматтары қатысып, қуанышқа ортақтасты. Рухани шара салмақты, салиқалы мазмұнда, шағын форматта өтті.
Жаңа кітап оқырманға жол тартты. Құтты болсын!