Қазақстан және Германияның ЖОО ректорларының форумында Yessenov University президенті Берік Ахметов неміс университеттерімен келісімдерге қол қойды

Неміс университеттерімен келісім
 
Қазақстан және Германияның ЖОО ректорларының форумында Yessenov University президенті Берік Ахметов неміс университеттерімен келісімдерге қол қойды
 
Форумда Б.Ахметов университет базасында бүгін құрылған Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының Маңғыстау өңірін дамытудағы қызметі бойынша баяндама жасады.
 
Сондай-ақ екі жақтың университет ректорлары өзара ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойды.
 
Атап айтқанда:
1. Берлин техникалық университеті, Қазақстан-Неміс университеті және Есенов университеті арасындағы келісім;
2. Екі диплом алу жөнінде Вильдау техникалық университеті, Қазақстан-Неміс университеті және Есенов университеті арасындағы келісім;
3. Анхальт қолданбалы ғылымдар университеті, Қазақстан-Неміс университеті, Есенов университеті арасындағы келісім жасалды.
 
Екінші панельдік секция екі ел Президенттерінің қатысуымен жалғасын тапты.
Мемлекет басшысы Астанаға арнайы келген Германия Президентіне және неміс университеттерінің өкілдеріне алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар қазақ-неміс ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік беретін еліміздің білім және ғылым саласындағы маңызды оқиға екенін атап өтті.
 
– Ғылым мен технологияны қоса алғанда, көптеген саладағы байланыстарымызды нығайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстанды Еуразиядағы зерттеу хабына айналдыру – арманым. Осы орайда менің арманымның жүзеге асуында неміс университеттері маңызды рөл атқарады. Ал мүмкіндіктер туралы айтатын болсақ, әрине, біз экономикалық серіктестігімізді нығайтуға баса назар аударамыз. Неміс инвесторларының экономикамыздың дамуына белсенді атсалысуын жоғары бағалаймын. Қазақстан Үкіметі бизнес-қоғамдастықтың еліміздегі ұзақ және қауіпсіз қызметі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сіздердің бизнестегі, экономикадағы, сондай-ақ ғылыми саладағы кәсіптеріңіз табысты болуы үшін Қазақстан Үкіметі қабылдайтын барлық шараны талқыладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 
Сондай-ақ Ректорлар форумында Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер сөз сөйледі. Ол екі елдің жоғары білім беру, ғылыми зерттеу және студенттерді оқыту ісіндегі ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтті.
 
Жиын аясында Қазақстан мен Германияның жоғары оқу орындары арасында бірқатар келісімге қол қойылды. Жалпы, Ректорлар форумына 11 германиялық және 25 қазақстандық техникалық университеттің өкілдері қатысты.