Музей

Yessenov University музейі – университетіміздің тарихи жады мен мәдени дәстүрлерін зерделеп, сақтап және насихаттап отырған маңызды орталық.
Музей қорының алғашқы жинақтарының қалыптасу тарихы 1980 жылы Ленинградтың геологиялық музейінің сыйға тартқан, атақты петрограф Г.П. Барановская атрибуттаған және жүйелеген пайдалы қазбалар мен тау жыныстарының коллекциясынан басталады. Бүгінгі күні бұл коллекция музей экспозициясының төрінде орын алды.
Келесі үлкен коллекцияны мұражайға 2002 жылы академик Шахмардан Есеновтің отбасы сыйға тартты. Бұл жинақ көрнекті ғалымның 75 жылдық мерейтойы қарсаңында жеке мұражайының ашылуына негіз болды.
2011 жылы университеттің 35 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражайға мұнай-газ факультетінің бірінші қабатында кең бөлме бөлініп, экспозиция университеттің тарихы мен қазіргі жағдайы туралы материалдармен толықтырылды.
2013 жылы экспозиция құру, ғылыми құжаттау жұмыстарын жетілдіру және көрермендер аудиториясын кеңейту мақсатында музей университеттің бас ғимаратына көшірілді.
Музей экспозициясының мазмұндық құрылымы университет өмірінен алынған шынайы құжаттар мен фотосуреттер, көркем шығармалар, академик Ш.Есеновтың мемориалдық заттары мен марапаттары көрсетілген «Университеттің тарихы және қазіргі дамуы», «Ш. Есеновтің өмірі мен қызметі» атты бөлімдерді қамтиды.
Дизайндық шешім бойынша музей экспозициясы даналық пен білімділіктің символдық түсі болып танылатын күңгірт жасыл реңкті фонда көркемделіп, витриналардың шеттері Маңғыстау шеберлерінің қолданбалы-сәндік өнері туындыларында жиі кездесетін геометриялық ою-өрнектермен жиектелген.