Мұражай

Yessenov University мұражайы – университетіміздің тарихи жады мен мәдени дәстүрлерін зерделеп, сақтап және насихаттап отырған маңызды орталық.
Мұражай қорының алғашқы жинақтарының қалыптасу тарихы 1980 жылы Ленинградтың геологиялық мұражайының сыйға тартқан, атақты петрограф Г.П. Барановская атрибуттаған және жүйелеген пайдалы қазбалар мен тау жыныстарының коллекциясынан басталады. Бүгінгі күні бұл коллекция мұражай экспозициясының төрінде орын алды.
Келесі үлкен коллекцияны мұражайға 2002 жылы академик Шахмардан Есеновтің отбасы сыйға тартты. Бұл жинақ көрнекті ғалымның 75 жылдық мерейтойы қарсаңында жеке мұражайының ашылуына негіз болды.
2011 жылы университеттің 35 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражайға мұнай-газ факультетінің бірінші қабатында кең бөлме бөлініп, экспозиция университеттің тарихы мен қазіргі жағдайы туралы материалдармен толықтырылды.
2013 жылы экспозиция құру, ғылыми құжаттау жұмыстарын жетілдіру және көрермендер аудиториясын кеңейту мақсатында мұражай университеттің бас ғимаратына көшірілді.
Мұражай экспозициясының мазмұндық құрылымы университет өмірінен алынған шынайы құжаттар мен фотосуреттер, көркем шығармалар, академик Ш.Есеновтың мемориалдық заттары мен марапаттары көрсетілген «Университеттің тарихы және қазіргі дамуы», «Ш. Есеновтің өмірі мен қызметі» атты бөлімдерді қамтиды.
Дизайндық шешім бойынша мұражай экспозициясы даналық пен білімділіктің символдық түсі болып танылатын күңгірт жасыл реңкті фонда көркемделіп, витриналардың шеттері Маңғыстау шеберлерінің қолданбалы-сәндік өнері туындыларында жиі кездесетін геометриялық ою-өрнектермен жиектелген.