Yessenov University Президенті Берік Ахметов Германия еліне сапары барысында Әлемдік Гамбург университетінде Мемлекет басшысының еліміздің өңірлерінде жетекші шетел университеттерінің филиалдарын ашу бойынша тапсырмасы негізінде Германияның жетекші жоғарғы оқу орындарымен құрылған Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының стратегиялық серіктесі болып табылатын HAW Hamburg өкілдерімен кездесуі өтті.
Жалпы делегация сапарының мақсаты – жаңартылатын энергия көздерін зерттеу саласындағы ынтымақтастықты нығайту және шетелдік әріптестерімізбен қызметтік тәжірибе алмасу, қазақ-неміс институтын үлгілі жаңа зертханалармен толықтыру.
Сапар барысында Yessenov University Президенті жаңартылатын энергия көздері саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер жүргізілетін Энергия тиімділігі және жаңартылатын энергия көздері саласындағы құзыреттілік орталығына (СС4Е) барды.
Сол орталықта жаңартылатын энергия көздерін зерттеудің озық технологияларымен жақынырақ танысуға бірегей мүмкіндік алды.
Мұнда күн, жел және жаңартылатын энергияның басқа түрлері бойынша зерттеулер жүргізіледі. Аталмыш орталыққа бару заманауи зерттеу әдістері мен соңғы әзірлемелерді іс жүзінде көруге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтыны аясында жаңартылатын энергия көздері саласындағы нақты жобалар мен бірлескен зерттеулерді талқылауды да қамтыды.
Мұндай кездесулер тәжірибе мен білім алмасудың, сондай-ақ университеттер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытудың құралы болып табылады. Заманауи жаңа әдістері бар аталмыш зертханалардың кәсіби үлгісін Yessenov University жанындағы Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтына әкелу жоспарланып отыр.