Yessenov University студенті 8 халықаралық деңгейдегі сертификат иегері атанды

Coursera компаниясының бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальда «Coursera – қазақ тілінде» жобасына қатысатын 25 өңірлік жоғары оқу орындарының ректорларымен, проректорларымен және студенттерімен кездесті. Кездесуге қатысушылар өңірлердегі жоғары оқу орындарының академиялық әлеуетін арттыруға бағытталған пилоттық жобаны іске асырудың алғашқы нәтижелерін зор ынтамен талқылады.
 
Astana IT University-де өткен іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, BMG Upskill компаниясының басшысы Рауан Кенжеханұлы және Coursera компаниясының өкілдері қатысты.
 
Әлемдік деңгейдегі Coursera online білім беру жүйесіне қатысқан мыңдаған студенттер арасынан топ жарып, өз біліктілігімен және жаңа ғылымға деген қызығушылымен көзге түскен Yessenov University студенті Түгел Нұржан әлемнің ТОП университтерінің курстарына қатысып, 8 халықаралық деңгейдегі сертификат иегері атанды. Yessenov University атын шығарған Т.Нұржан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Н.Саясаттың қолынан марапаттау қағазын алды. Республикалық деңгейдегі мұндай іс-шаралар білім алушылар үшін керемет мотивация екені белгілі.
 
«Бүгінде жаһандану және цифрландыру, әлемдік еңбек нарығында өсіп келе жатқан бәсекелестік жағдайында біз ұлттық білім беру жүйесінің икемді моделін – ашық және бәсекеге қабілетті, үздіксіз оқыту мен кәсіби дағдыларды арттыруды қамтамасыз ететін модель құруымыз қажет. «Coursera – қазақ тіліне» жобасы аясында біз әлемнің үздік профессорларының курстарын қазақ тіліне аудара бастадық. Бұл еліміздің болашағы, тілдің әлеуеті, сондай-ақ білім беру сапасы мен қолжетімділігін арттыру тұрғысынан өте маңызды бастама», – дейді министр Саясат Нұрбек.
 
Курстарды аудару бойынша жұмыс Coursera техникалық және әдістемелік қолдауының арқасында жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда қазақ және орыс тілдерінде 50 курс толығымен аударылып, платформаға жүктелді. Курстарды қазақ тіліне аудару бойынша жұмыс жалғасуда. Келесі аударылған 50 курсты платформаға орналастыруға дайындық жүріп жатыр.
Бүгінге дейін 25 өңірлік жоғары оқу орнының студенттері барлығы 26 мыңнан астам курсты аяқтады. Оның ішінде 11 358 студент қазақ тілінде, 8 653 студент ағылшын тілінде, 6 096 студент орыс тілінде курстан өткен.