Yessenov University-де Күміс университетінің экскурсоводтарын оқыту жалғасуда: оқу экскурсиясы ұйымдастырылды

3 сәуір күні Yessenov University-де экскурсоводтарды дайындауға арналған интеграциялық туристік курс басталды. Бұл оқу бағдарламасы Үздіксіз білім беру институты аясында өткізіліп, зейнет жасындағы тыңдаушыларға бағытталған.

Курстың мақсаты – Маңғыстау облысының туристік әлеуетін дамыту, оның киелі жерлері мен табиғи көрнекіліктерін насихаттау. Бағдарлама экскурсия қызметі саласындағы кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.

Курс барысында қатысушылар экскурсияны ұйымдастыру және өткізу әдістерін меңгереді, экскурсиялық маршруттар құру мен экскурсовод портфолиосын жасау дағдыларын үйренеді. «Экскурсиятану» модулі бойынша дәрісті география ғылымдарының магистрі, «Халықаралық қатынастар және туризм» кафедрасының аға оқытушысы Низаматдинова Жұлдыз Сақахқызы жүргізеді.

Бағдарламаның практикалық бөлігі аясында келесі бағыт бойынша оқу экскурсиясы өтті: Ақтау – Шетпе ауылы (Серікбол Қондыбай атындағы мемориалдық музей) – Шерқала тауы – Айрақты шарлар аңғары – Ақтау.

Оқыту форматы тыңдаушыларға теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибе жинауға, экскурсиялық қызметтің нақты атмосферасына енуге мүмкіндік береді.

Аталған курс зейнет жасындағы азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруына жол ашатын, әрі өңірдің мәдени және табиғи мұрасын сақтап, оны насихаттауға үлес қосатын шабыттандырушы білім беру жобасына айналды.