16 қыркүйек күні Yessenov University “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасы Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау жөніндегі республикалық лектория аясында “Университет және азаматтық қоғам: қоғамдық келісім саласындағы сындарлы диалог тетіктері” атты диалог алаңын ұйымдастырды.
Іс-шара университеттің азаматтық қоғам институттарымен қоғамдық келісім саласында одан әрі өзара іс-қимылының қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы сындарлы және ашық диалогты қамтамасыз ету мақсатында өткізілді.
Аталған іс-шараға қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрағасы, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Кәкімбекқызы Сәдуақасова; ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп; ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдарының кандидаты Әбдіғалиұлы Берік; мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, университеттің профессор – оқытушылар құрамы мен студент жастарының өкілдері қатысты.
Диалог алаңының жұмысы барысында еліміздің тұрақты дамуы үшін университет пен азаматтық қоғамның ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылын сақтау және жетілдіру бойынша пайдалы ұсыныстар мен ұтымды пікірлер айтылды.