Түркі халықтарының өркениеті және оның әлемдік мәдениет тарихындағы орны

28 мамыр күні Yessenov University-де «Ақтау қаласы – 2025 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында «Түркі халықтарының өркениеті және оның әлемдік мәдениет тарихындағы орны» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның салтанатты ашылуы өтті.

Аталған шараға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан секілді бауырлас мемлекеттерден келген белгілі ғалымдар, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қуандықұлы, Мажарстандағы Қазақ мәдени орталығының төрағасы, әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, өңірлік маслихат депутаттары мен ғылыми қауым өкілдері қатысты.

Конференция барысында түркі дүниесінің ортақ тарихи-рухани мұрасын зерттеу, оның адамзат өркениетіндегі орнын айқындау және әлемдік мәдениетпен сабақтастығын зерделеу мәселелері кеңінен қарастырылды. Түркі халықтарының ғылымы, өнері, жазу дәстүрі мен мемлекеттік құрылымдары – бүкіләлемдік өркениеттің ажырамас құрамдас бөлігі ретінде жан-жақты талданды.

Шара аясында ұсынылған ғылыми баяндамалар мен терең мазмұнды пікірлер түркі әлеміне тән дүниетанымды ашып көрсетіп, түркітану ғылымының келешек бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Бұл конференция халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтып, ортақ құндылықтарды дәріптеуге, оларды келер ұрпаққа аманат етуге бағытталған маңызды ғылыми-мәдени бастама болды. Сонымен қатар, түркі халықтарының өзара байланысын күшейтіп, білім мен ғылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге зор үлес қосты.

Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, түркі әлемінің ынтымағы мен рухани бірлігін нығайтатын маңызды алаң ретінде өз мәресіне жетті.