Киелі жерді түлеткен

Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына орай Yessenov University “Ақтау қаласының 55 жылдығына университет тартуы” айдарымен оқу ордасының мәртебесін көтеретін мақалаларды жариялайтын болады. Қала мерейтойына алғашқы тартуымыз – университетіміздің профессоры, журналист Нағбду Қамарованың “Айқын” /15.09.2018/ газетінде жарияланған түбектегі жалғыз мемлекеттік университеттің алғашқы ректоры, Ақтау қаласының құрметті азаматы Есберген Тоқшылықұлы Божанов туралы “Киелі жерді түлеткен” атты мақаласы.

Киелі Маңғыстауда туып-өскенін кез келген Маңғыстаулық мақтан тұтатыны белгілі. Ал осы өлкеде абыройлы еңбек етіп, өңірге өң беріп, түбекті түлеткен азаматтардың орны бір бөлек. Қасиетті Маңғыстау өзінің басқа ешбір жерге ұқсамайтын табиғи келбетімен де, тарихы тағылымға, қойнауы қазынаға толы қайталанбас болмысымен де ерекшеленеді. Өлкеде аянбай еңбек еткен, еңбек етіп жатқан азаматтарды әрдайым мақтан тұтамыз. Сондай азаматтың бірі – Есберген Божанов. Тұла бойынан жоғары мәдениеттіліктің, биік адамгершіліктің белгісі үнемі сезіліп тұратын Есберген Тоқшылықұлы қарапайым да кішіпейіл қалпынан ажыраған жоқ. Салмақты қалпынан бір танбайтын сабырлы, жан дүниесі терең ғалым ағамыз ешқашан атақ-даңқ үшін еңбек етпепті. Өңірдегі жалғыз мемлекеттік оқу орны Ш.Есенов атын­дағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің қырық жылдан астам тарихы бол­са, соның алғашқы 25 жылында Есберген аға аянбай еңбек етті. Маңғыстаудың жоғары мектебін қалыптастыру жолында ширек ғасыр ғұмырын арнады. Есберген Тоқшылықұлы 1943 жылы 1 мамыр күні Алматы облысы Жамбыл ауданы Дегерес ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1960 жылы сол ауылдағы №2 қазақ орта мектебін алтын ме­даль­мен бітіріп, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға) оқуға қабылданып, ма­те­­матика мамандығы бойынша аяқ­­тап, дифференциалдық және ин­те­гралдық деңгейдегі математик біліктілігін алады. 1973 жылы фи­зика-математика ғылымдарының кан­­­­ди­­даты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қор­­ғап шығады. 1976 жылдан бас­­тап Ленин атындағы Қазақ поли­­тех­­никалық институтында оқыту­шылық қызметін бастайды. 1981 жылы «Математика және физика» кафедрасы бойынша доцент, 1993 жылы «Жоғары мате­матика» кафедрасының профес­соры ғылыми атағы берілді. 1994 жы­лы Қазақстан Инженерлік акаде­миясында «Қолданбалы ме­ха­ника» мамандығы бойынша ака­де­миялық кеңесші, 1995 жылы Қазақстан жоғары мектебі ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. 1997 жылы Деформацияланатын қатты денелердің механикасы мамандығы бойынша физика-математика ғы­лым­дарының докторы ғылыми дәре­жесін алу үшін Мехника және машинатану институтында докторлық диссертациясын сәт­ті қорғады. Нью-Йорк ғылым акаде­миясының (1997), Қазақстан Ұлттық академиясының (1998), Жара­тылыстану ғылымдары академия­сының (1998), «Экология» Қазақстан халықтары академиясының (1998), Қазақстан инженерлік ака­демиясының (1999), Қазақстан Рес­публикасының Жоғары мектебі ғылым академиясының (2001) толық мүшесі. Есберген Тоқшылықұлы еңбек жолын 1965 жылы Қазақ КСРО Ғы­лым академиясының Математика және механика институтында аға лаборант болып бастады. 1967-1970 жылдары Киров атындағы Қазақ мемелекеттік университетінің «Дифференциалдық теңдеулер» кафедрасының аспиранты, 1970-1976 жылдары Қазақ КСРО Ғылым академиясы Математика және механика институының аға инженері, кіші ғылыми қызметкері болды. 1976 жылы киелі мекенге келіп, жоғары мектептің алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі бо­лып, Қазақ политехникалық инс­титуының Шевченко қала­сындағы Жалпытехникалық факультетінің «Математика және физика» ка­фе­драсының аға оқытушысы, 1978 жы­лы «Жоғары математика» кафе­драсының меңгерушісі, 1983 жылы Жалпытехникалық факультеті деканының орын­басары болды. 1983-1990 жыл­дары Шевченко қа­ла­­сындағы Жалпытехникалық факуль­те­­ті­­нің деканы, 1990-1993 жыл­­дары Ленин атында­ғы Қаз­­­ПТИ Маңғыстау филиалы­­ның ди­рек­торы, 1993-1996 жыл­да­­­­ры – Ақ­тау политехникалық инс­ти­тутының ректоры, 1996-2001 жылдары Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің ректоры болып, өлкеміздегі алғашқы жоғары оқу орнының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Е.Божанов Қазақстанның батыс аймақтарына қажетті көптеген жаңа мамандықтардың ашылуына күш салды. Еңбектегі жетістіктері үшін КСРО Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің Құрмет грамотасымен (1984), «Халыққа білім беру ісінің үздігі» (1992), «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер» (1997) құрметті атағымен марапатталған. 1998 жылдан Ақтау қаласының (1998), Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы (2005). Әл-Фараби атындағы (1999), Ж.Ержанов атындағы (2007) алтын медальдардың, бірнеше мәрте Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының мерейтойлық төсбелгілерінің, Елбасының, «Нұр Отан» партиясының, Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамота­ларының иегері. Есберген ағаның бүгінге дейінгі ғылыми еңбектерінің саны – 425, оның ішінде 22 оқулық пен оқу құралы, 6 монографиясы, салмақты ғылыми мақалалары бар. Шағын факультетті үлкен уни­верситетке айналдырған Есберген Тоқшылықұлының еңбегі ерен. Сонау факультет кезінде ескі ғимаратта білім алып жатқан білім алушыларды ойлап, түн ұйқысы төрт бөлінген елжанды азаматтың күш салуының арқасында 1988-1989 оқу жылының басында факультет үшін аумағы 4500 м2 құрылыс техникумының жаңа типтік ғимаратын оқу орнының меншігіне тегін алу мүмкіндігі туды, ал Шевченко қалалық әкімшілігі студенттер үшін 400 орындық жатақхана бөлді. Бұл оң өзгерістер факультетті оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруда, орнықты кадрлық саясат жүргізуде, ғылыми және өндірістік қызмет саласында жаңа мүмкіндіктер ашатын, өз алдына өкілеттілігі мен құқықтары болатын институт филиалына айналдыруға мүмкіндік туғызды. Сол жылдары факультеттің күндізгі, кешкі және сырттай оқу бөлімдерінде екі мыңға жуық студент оқыды, олардың екі жүзге жуығы өндірістен қол үзбей оқитындар болды. Жалпытехникалық факультет тоғыз кафедраны біріктірді. Қарыштап дамыған қарқынды жылдар өз талаптарын алға тоса берді. Мұндай жағдайда заман көшінен қалмау, еліміздің еге­мендігін нығайту, әлемдік қауым­дастықпен қоян-қолтық араласу қағидатын ұсынып отырған уақыт талабына лайықты жауап табу міндетін Есберген Тоқшылықұлы да назардан тыс қалдырмауға тырысты. Батыс Қазақстандағы мұнай-газ кешенінің қарқынды дамуы, Маңғыстау еркін экономикалық аймағын құру перспективасы, атом өнеркәсібі мен энергетика өнеркәсіптеріндегі мамандар зәрулігі ЖОО-ның мәртебесін көтеріп, жаңа мамандықтардың ашылуын талап етті. Бұл мәселені тек жаңа мамандықтардың ашы­луымен ғана емес, оқу орнына жаңаша мәртебе беру, яғни өз алдына дербес жоғары оқу орны қылу жолымен шешуге болатын еді. Оған әлеуметтік-экономикалық негіз де, материалдық-техникалық база да, мамандар әлеуеті де жеткілікті болатын. Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында облысы­мыздың рухани өмірінде болған бір жағымды жаңалық – Ақтауда өз алдына дербес жоғары оқу орнының ашылуы еді. Қазақстан Республикасы Министрлер каби­нетінің 1993 жылғы 7 мау­сым­дағы № 472 Қаулысымен Ленин атын­дағы Қазақ политехникалық институтының Маңғыстау фи­лиа­­лы Ақтау политехникалық инс­ти­туты болып қайта құрылды. Бұл оқу орнының тарихындағы жаңа беттердің басталуы бола­тын. Алғаш рет ҚазПТИ-дың Жал­пытех­никалық факультеті болып ашылып, он жеті жылдан кейін өз алдына институт болып құрылуы облыс өміріндегі елеулі оқиға болды. Институттың ұйымдастырылуы мен ашылуында Маңғыстау облыстық әкімшілігі, Ақтау қалалық әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Білім министрлігі, Қазақ «КАТЭП» кор­порациясы, «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігі, Каспий аймақтық құрылыс басқармасы және қала мен облыстың басқа да жетекші өнеркәсіптері маңызды рөл атқарды. Қазақстан Жоғары білім министрлігі басшылығы Ақтау политехникалық институтының алғашқы ректоры етіп осы оқу ордасын бұрыннан басқарып келе жатқан Е.Божановты тағайындады. Сол жылдары Е.Божановпен бірге институттың қалыптасуы мен дамуына проректорлар мен декандар К.Омаров, М.Баймиров, И.Дүйсенбаев, Е.Махмотов, Н.Садықов, М.Тілепиев, Е.Жаңбыршиндер қомақты үлес қосты. Өз алдына институт болып құрылған оқу орнының алдында тұрған жаңа міндеттерді шешуде бұл командаға орасан зор шаруаны тындыруға тура келді. Оқу орнының басшылығы жаңа институттың одан ары дамуының алдағы жылдарға арналған жоспарын жасақтап, іске кірісті. 1995 жылы жоғары оқу орнын бітірген бір топ жаспен бірге осы оқу орнында еңбек жолымды оқытушылықтан бастадым. Оқу ордасының ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында Есберген Тоқ­шылықұлы жастарды аспирантура, доктарантураларға мақсатты жолдамамен оқуға жіберуді қолға алды да сол лекпен маған да бес жыл білім алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Филология факультетінің аспирантурасында оқу бақыты бұйырды. Елжанды азаматтың болашағы бар жастарға жасаған қамқорлығын еш ұмыт­паймыз. Білім беруді реформалау тұжырымдамасы мен мамандар даярлаудың көпдеңгейлі жүйесін жүзеге асыру мақсатында 1996 жылы Қазақстан Министрлер кабинетінің 7 мамырдағы № 573 қаулысымен Ақтау политехникалық институты мен Атырау универси­тетінің Ақтау филиалының база­сында Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті құрылды. Бұл жаңа құрылым бірте-бірте техникалық, мұнай-газ, құқықтық-экономикалық және педагогикалық сала мамандарын дайындайтын жоғары оқу орны болып қалыптасқан көпсалалы оқу орнының негізін қалады. Белгілі геолог ғалым, Маңғыстау мен Батыс Қазақстандағы мұнай-газ кен орындарын алғаш ашушы, Лениндік және Қазақстан Мем­лекеттік сыйлықтарының лауреаты Шахмардан Есеновтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Маңғыстау облысы басшылығының ұсынысымен Қазақстан Министрлер кабинетінің 1995 жылғы 1 шіл­дедегі № 767 қаулысымен Ақтау мемлекеттік университетіне академик Шахмардан Есеновтің аты берілді. Ақтау политехникалық инс­ти­тутында «Атом электр станциялары мен құрылғылары» мамандығы бойынша мамандар дайындау ісі 1993 жылдың қыркүйегінен басталды. Оқу орнында бұл ма­мандық Маң­ғышлақ атом энергетикалық ком­бинатының (МАЭК), Қазақстан атом энер­­гетикасы мен өндірісі кор­по­рациясының (КАТЭП) кепілдігі бойынша дүниеге келді. Институтта Атом-энергетикалық факультет ұйымдастырылып, «Атом электр станциялары мен құрылғылары» кафедрасы ашылды. Ш.Есенов атындағы АқтМУ жоғары білікті мамандар даярлаумен қатар, энергетика, экономика, мұнай мен газды өңдеу, геология, мұнай-газ өндіру мен тасымалдау, механика, машина жасау, құрылыс технологиялары, қолданбалы математика, есептеу техникасы мен экология саласындағы ірі ғылыми орталық болып қалыптасты. Есберген Тоқшылықұлы өзі басқарған оқу орнын Каспий маңы елдері университеттері ассоциа­циясына енгізу үшін де қыруар жұмыстар атқарды. 1998 жылы аталмыш ассоциацияның үшінші конгресін ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізеді. Сол жылы құрамында 25 университет және институты бар Каспий маңы елдері университеттері ассоциациясының президенті болып сайланып, халықаралық ынтымақтастықты жандандырды. Университет тек Маңғыстау облысындағы ғана емес, Батыс Қазақстандағы мұнай мен газ өндіру саласының мамандарын даярлайтын іргелі оқу орнына айналды. Мәңгілік ел болу мақсатында рухани жаңғырып жатқан еліне бергені көп абзал азамат бүгінде құрметті демалыста. Сирек кез­десетін зиялылардың бірегейі Есберген аға – ұл-қыз өсірген, жо­ғары білім алуларына жағдай жасаған, ұлағатты отбасының ота­ғасы. Ұлы Асқар әскери қызметтен отставкаға шыққан полковник болса, қыздары: Әсел әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың математика пәнінің оқытушысы, Халық шаруашылығы институтын тәмамдаған Айгүл жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Жетпіс бес жасқа келген Есберген аға мен өмірлік серігі Ардақ апай бүгінде тоғыз немере мен төрт шөберенің ата-әжесі атанып отыр.

https://aikyn.kz/2018/09/15/67375.html