«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында университет профессорлары, ғалымдары және жергілікті өлкетанушыларымен бірге «Маңғыстаудың материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» кешенді экспедициясының 2-кезеңі өткізілді. Бұл кезең этнографиялық зерттеуге арналғандықтан, қазақтың байырғы салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, кәсіп түрлері, ұлттық ойындары, мал шаруашылығына байланысты тұрмыс-тіршілігі, ұлттық киімдері, тағамдары, киіз үйі мен оның жабдықтары т.б. туралы ел ішінен жан-жақты мәліметтер жиналды. Экспедиция жұмысына жергілікті өлкетанушылармен бірге Ресейден, Алматыдан этнограф ғалымдар шақырылды.
Неміс этнографы Рихард Карутцтің «Маңғыстаудағы қырғыздар (қазақтар) мен Түрікмендер арасында» еңбегінде баяндалған Маңғыстау Адайлары мен Түрікмендердің салт-дәстүрі, тұрмыс тіршілігіне қатысты кейбір ерекшеліктердің қазіргі күнге дейін мәнін жоғалтпай сақталып жетуі этнографтар үшін құнды ғылыми дерек болды. Экспедиция мүшелері бұдан 118 жыл бұрын Р.Карутц болған, суретке түсірген орындарға барды.