Есенов университетінің ұжымы тарапынан 5 жылға жуық университетіміздің ректоры болған, қоғам қайраткері, өлкеміздегі алғашқы жоғары оқу орнының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан Божанов Есберген Тоқшылықұлылының дүниеден өтуіне байланысты қайғырып, жақындарына көңіл айтамыз. Қалған ғұмырын балаларына берсін, иманды болсын, Алланың шапағатына бөленсін.

 

Божанов Есберген Тоқшылықұлы 1943 жылы 1 мамыр күні Алматы облысы Дегерес аулында дүниеге келген. 1960 жылы С.М.Киров атындағы ҚазҰУ-нің математика факультетіне оқуға қабылданып, оны ойдағыдай бітіреді. 1973 жылы физика-математика ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғап шығады. 1976 жылдан бастап В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында оқытушылық қызметін бастайды. 1981 жылы физика және математика кафедрасы бойынша доцент ғылыми атағы беріледі.

Есберген Тоқшылықұлы 1983-1990 жж. – Шевченко қаласындағы Жалпытехникалық факультетінің деканы, 1990-1993 жж. – В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ Маңғыстау филиалының директоры, 1993-1996 жж. – Ақтау политехникалық институтының ректоры, 1996-2001 жж. – Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің ректоры болып, өлкеміздегі алғашқы жоғары оқу орнының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты.

Е.Т.Божанов Қазақстанның батыс аймақтарына қажетті көптеген жаңа мамандықтардың ашылуына күш салды. Еңбектегі жетістіктері үшін СССР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің Құрмет грамотасымен (1984), «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» (1992) құрметті атағымен марапатталған. 1993 жылы профессор ғылыми атағы беріледі. Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ғылым академиясының толық мүшесі. ҚР Білім беру ісінің еңбегі сіңген қызметкері. Ақтау қаласының Құрметті азаматы.