Инклюзивті білім беру жүйесінде күрделі бұзылыстары бар балаларға арналған түзету жұмыстары

2025 жылдың 3 ақпанында Үздіксіз білім беру институтында «Инклюзивті білім беру жүйесіндегі күрделі бұзылыстары бар балалармен жүргізілетін түзету жұмысы» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары басталды. Бұл курстар жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамына, студенттеріне, арнайы (түзету) білім беру мекемелерінің педагогтеріне және мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналарға арналған.

Курс барысында «Педагогика» кафедрасының аға оқытушысы, облыстық арнайы мектеп-интернатының дефектологі, педагог-сарапшы Гауһар Мұрақызы Жолдыбаева инклюзивті білім беру саласындағы мол тәжірибесімен бөлісті.

Оқу барысында дефектолог келесі маңызды аспектілерге тоқталды: инклюзивті білім беруді диагностикалау және жоспарлау; дамуында түрлі бұзылыстары бар балалардың сөйлеу тілінің ерекшеліктері;психикалық және физикалық дамуында күрделі бұзылыстары бар тұлғалар;аутизм спектрінің бұзылысы бар балалардың ерекшеліктері; интеллектісі зақымдалған тұлғаларға білім беру; көру қабілеті бұзылған тұлғаларға арнайы білім беру және т.б.

Екі апталық оқыту барысында қатысушылар күрделі бұзылыстары бар балалармен, соның ішінде аутизм спектрі бұзылыстары және көру қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істеудің тиімді әдістері мен тәсілдерін меңгерді. Сабақтарда арнайы түзету әдістерін практикалық қолдану жан-жақты талданып, үйретілді. Сонымен қатар, курс мазмұнына эмоционалды тұрақтылықты нығайту әдістері, ата-аналар мен педагогтерге түзету жұмысы бойынша кеңес беру, сондай-ақ қолдау көрсету тәсілдері енгізілді.

Курс соңында әрбір тыңдаушыға белгіленген үлгідегі сертификат табысталады.