2025 жылғы 3 сәуір күні Есенов университетінің Үздіксіз білім беру институтында «Күміс университет» жобасы аясында егде жастағы азаматтарға арналған экскурсия жүргізушілерін даярлауға бағытталған интеграцияланған туристік курстың екінші легі басталды.
Курстың мақсаты – Маңғыстау облысындағы киелі, қасиетті орындар мен табиғи сұлулықтарды насихаттау арқылы өңірлік туризм бағытын дамыту және ілгерілету.
Күміс университетінің бұл курсы модульдік жүйе бойынша ұйымдастырылған және ол экскурсия жүргізу шеберлігінің негіздерін, Маңғыстаудың тарихи-мәдени орындарын түсінуді, компьютерлік сауаттылық пен ағылшын тілін үйренуді қамтиды.
Күміс жастағы тыңдаушылар киелі жерлер, табиғи ғажайыптар, ғасырлар бойы сақталған дәстүрлер туралы білімді жоғары білікті мамандардан, профессорлар мен ғылым кандидаттарынан алады. Сонымен қатар, олар гид қызметінде қолданылатын тілдік дағдыларды меңгеріп, қарым-қатынас орнату тәсілдерін үйренеді.
Үш айлық курс соңында болашақ экскурсия жүргізушілер Үздіксіз білім беру институтының арнайы сертификатына ие болады.