«XXI ғасырдағы Каспий: аймақтық және жаһандық мәселелер, ынтымақтастық және қауіпсіздік»

25 желтоқсан күні профессор, техника ғылымдарының докторы Кенжетаев Гусман Жардемовичтің 70 жасына арналған «XXI ғасырдағы Каспий: аймақтық және жаһандық мәселелер, ынтымақтастық және қауіпсіздік» халықаралық онлайн-конференция өткізілді. 

Сонымен қатар т.ғ.д. профессор Г.Ж. Кенжетаев атындағы кабинет ашылды.

Конференцияның негізгі мақсаты: Каспий теңізін зерттеудегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту, антропогендік жүктемелерді бағалау және экомониторинг, сондай-ақ Каспий маңы елдерінің тұрақты дамуы үшін экологиялық білім беруді интеграциялау. Конференция  университет ректоры    Б.Б. Ахметов, Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д.Т. Құсбеков және «Каспий маңы мемлекеттерінің мемлекеттік университеттері қауымдастығы мен зерттеу орталықтары» ректорларының құттықтауымен басталып, Тюмень индустриальды университетінің профессоры В.Н. Пермяков, Баку мемлекеттік университетінің “Каспий” ғылыми-зерттеу және ақпараттық орталығының директоры Ш.Н. Исмайлов, РҒА «Ширшов атындағы Океанология институты» директорының ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстар жөніндегі орынбасары, г.ғ.д. П.О. Завьялов, Эгей университетінің профессоры А. Ибрагимов баяндамаларымен жалғасын тапты.  Конференцияда Каспий маңы елдерінің экономикасын жаңғырту мен өңірлік дамытудың экологиялық-экономикалық мәселелері қарастырылып, Каспий маңы елдерінің жоғары оқу орындарының, ғылыми мекемелер мен ҮЕҰ-ның Каспий теңізінің экологиялық мониторингін ұйымдастыру жолдары талқыланды.