Scientific expeditions

Share on social networks

Yessenov University ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2020-2022 жылдарға арналған бірнеше ғылыми жобалар грантын жеңіп алды.

Солардың қатарында «Маңғыстау аймағындағы сакралды мәтіндердің концептуалды кеңістігі (жыраулық мәтіндер, эпитафиялық жазба мәтіндері, петроглифтер)» тақырыбындағы ғылыми жоба да бар (ғылыми жетекшісі – Б.И.Нұрдәулетова).

Аталған жоба Маңғыстау аймағындағы сакралды кеңістікті (жыраулық дәстүр, фольклор, сакралды топонимдер мен этнонимдер, мола басындағы эпитафиялық жазбалар, таңбалы тастардағы петроглифтер мен рулық ен-таңбалар т.б.) бірнеше ғылымдар контексінде зерттеп-зерделеуге бағытталады. Жоба аясында бірнеше далалық ғылыми экспедиция жоспарланып, оған  еліміздегі танымал тарихшы, этнограф, таңбатанушы, фольклортанушы, лингвист, шығыстанушы, теолог ғалымдар тартылған.

Жобаның бірінші экспедициясы 2020 жылдың қыркүйек айында өткізілді. Маңғыстау облысының Қарақия және Түпқараған аудандары территориясында орналасқан оннан астам жерлеу орындарындағы эпитафиялық жазбалар, петроглифтер, рулық ен-таңбалар бейнежазбаға түсіріліп, тарихи-лингвистикалық, танымдық зерттеулер жүргізілді. Зерттеулер барысында деректі фильмге материалдар түсіріліп, ғылыми мақалалар жазылды.

Екінші экспедицияның жұмысы 15-20 маусым аралығына жоспарланды. Экспедиция құрамында Л.Н.Гумилев атындағы ЕНУ профессорлары – тарих ғылымының докторы, тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев, филология ғылымдарының докторы, фольклортанушы, ақын Жанат Әскербекқызы, аталған университеттің теология мамандығы бойынша PhD докторант, араб графикасын танушы Сейфолла Моллақанағатұлы, облысқа танымал өлкетанушы Нұрлан Құлбаев және университет ғалымдары бар. Экспедиция жұмысы туралы арнайы деректі фильм түсіру үшін CASPIAN MEDIA SERVICE медиа компаниясының қызметкерлері бар.

Экспедицияның басталуына арналған шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Мұратқызы Қалмұратова, Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының  басшысы Пәния Оңалбайқызы Сармурзина қатысып отыр.

Ғылыми экспедицияның ашылу салтанатымен құттықтау үшін Г.М.Қалмұратоваға, П.О.Сармурзинаға және ғылыми жоба мүшесі профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаевқа сөз берілді.