25 маусым күні «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рахмет Абай Амандықұлы және Құжат қабылдауды ұйымдастыру басқармасының бас менеджері Стаева Ақбота Ертайқызы Yessenov University профессор-оқытушы құрамымен «Болашақ» бағдарламасы, соның ішінде «500 ғалым» бағдарламасы туралы кездесу өткізді.
Кездесу барысында Абай Амандықұлы профессор-оқытушы құрамға Халықаралық бағдарламалар орталығы жүзеге асырып жатқан бағдарламалардың негізгі мақсаттары мен артықшылықтарын түсіндіріп, оның Қазақстанның білім беру жүйесіне қосар үлесі туралы баяндады. Ол өз сөзінде «500 ғалым» бағдарламасының маңыздылығын атап өтіп, еліміздің ғылыми әлеуетін арттырудағы рөліне тоқталды. Бағдарлама әлемнің үздік оқу орындарында ғылыми зерттеулер жүргізуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Стаева Ақбота Ертайқызы бағдарламаларға қатысу үшін қажетті құжаттарды қабылдау және рәсімдеу процестері туралы жан-жақты ақпарат берді. Бұл ақпарат профессор-оқытушы құрамының бағдарламаларға қатысуға дайындығын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.
Кездесу соңында профессор-оқытушы құрамынан бағдарламаға қатысты сұрақтар қойылып, қызықты пікір алмасулар орын алды.
Қазіргі таңда Yessenov University-нің 11 оқытушысы «500 ғалым» бағдарламасы аясында АҚШ, Ұлыбритания, Германияның жетекші университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтуде.