27 қараша күні аса көрнекті түркітанушы-лингвист, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, ІІІ және І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, Turk Dil Kyrymy мүшесі, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Академик Рәбиға Сыздық және тілдік коммуникацияның ғалымдық мәдениеттегі орны» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференцияның мақсаты — түркі жұртының рухани көсемі Қожа Ахмет Ясауидің, ұлы Абайдың әдеби-тілдік мұрасын ғылыми айналымға салған, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми ізін жалғастырушы, ұлы Әуезовтен бата алған қазақ тіл білімінің корифейі, қазақтың көне тілін тірілткен, қазіргі қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірегейі, өзі де қазақ ұлтының ұстазына айналған ерекше тұлға академик Рәбиға Сыздықтың ғылыми мұрасын насихаттау, зерттеп-зерделеу, таныту.
Конференцияға Рәбиға Сыздықтың ғылыми жетекшілігімен 19 кандидаттық, 11 докторлық диссертация қорғалан. Апайдың тікелей шәкірттері еліміздің түкпір-түкпіріндегі таңдаулы жоғарғы оқу орындарында дәріс беретін беделді оқытушылар, танымал ғалымдар қатысты.
Конференция барысында «Қазақ тілінің тарихын зерттеу болашағы және академик Рәбиға Сыздық еңбектері», «Академик Рәбиға Сыздықтың ғылыми мұрасын тереңдете зерттеу», «Академик Рәбиға Сыздықтың “Сөздер сөйлейді” еңбегі» т.б тақырыптарда баяндамалар оқылды.
Конференция ғылыми өмірдегі маңызды оқиғаға айналып, Рабиға Сыздықтың қазақ тіл білімі мен әлемдік лингвистикаға қосқан үлесін лайықты деңгейде атап өтті.