Шетелдік университеттер мен теңіз саласындағы жетекші компаниялардың қатысуымен маңызды кездесу

15 сәуір күні Yessenov University қабырғасында шетелдік университеттер мен теңіз саласындағы жетекші компаниялардың қатысуымен маңызды кездесу өтті.

Іс-шараға «Санкт-Петербург мемлекеттік теңіз техникалық университеті» (Ресей), «Әзербайжан мемлекеттік теңіз академиясы» (Баку, Әзербайжан), «Каспий теңіз және өзен көлігі институты» (Астрахань, Ресей) сияқты білім ордаларының, сондай-ақ «Marine Bolashak», «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты», «Ақтау теңіз солтүстік терминалы», «Судовое оборудование и сервис» компанияларының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында теңіз индустриясының жаһандық трансформациясы, климаттық қауіптер, технологиялық және геосаяси өзгерістер сынды өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар осы сын-қатерлер жағдайында инновацияларды дамытып, саланың болашағын қалыптастырудың жаңа жолдарын ұсынды.

Yessenov University-дің басты мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты нығайту, ғылым мен білімге инвестиция салып, жаһандық теңіз экономикасының талаптарына сай заманауи мамандар даярлау. Бұл кездесу – теңіз саласындағы озық тәжірибелер мен стратегиялық серіктестіктерге жол ашатын маңызды қадам болды.