Адамның мәдени тұлға ретіндегі табиғатын зерттеуші ғалымдар, адамның мәдениеті мен қасиетін түсіндіру үшін сол адамның өскен, өнген, білім алған, тәрбиеленген ортасында алған тәлім-тәрбиесі негіз болатындығын айтады.
Осы арада білім мен тәрбие беру ортасы ретінде университеттер қоғамның дамуына қалай көмектесуге болады және университет бітіруші түлектерімізді мансапқа, табысқа, жалақыға, қоғамдағы жақсы жағдайға бағыттап қана қоймай, оған қол жеткізе алмайтындар туралы ойлады қалай қалыптастыруға болады?
Сондықтан Yessenov University студент жастарды құндылықтарымызға сәйкес, қоғамда ықыластылықты қалыптастыруға бағыттау мақсатында осы 2018-19 оқу жылынан бастап, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, әлеуметтік жобаларды қамтитын «Қоғамға қызмет» (Service Learning) пәні енгізілді. Алғаш рет Service Learning бағдарламасы АҚШ-та әзірленіп, сынақтан өткізілді және тәжірибелі оқытудың тығыз қалыптасқан практикасында бастау алады. Service Learning – азаматтылыққа, академиялық пәндерге, дағдылар мен адами құндылықтарға оқыту әдісі. Бұл жобаны енгізген АҚШ жоғары оқу орындарының бірі – Стэнфорд университеті. Содан кейін Аргентинада, Чилиде және Еуропаның кейбір елдерінде таралған. Бүгінге дейін Қазақстанда Service Learning жобасы тек екі ЖОО-да енгізілді: AlmaU және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.
Жобаның мақсаты – білім алушылардың сана-сезіміне адамгершілік, қоғамға қажеттілік, қайырымдылық сияқты адами құндылықтарды ұялату, студенттердің өмірге деген белсенді ұстанымын қалыптастыру. Студент жастарды волонтерлық қызметке тарту. Мұндай жоба арқылы студенттер қоғамның әлеуметтік мәселелерін көріп, шешу жолдарын үйренеді әрі әлеуметтік мекемелерде іс-тәжірибеден өтеді. Яғни, аталған оқу курсы аясында білім алушылар қоғамға қызмет етуді оқиды және қарттар үйінде, мүгедектер үйінде, сондай-ақ басқа да әлеуметтік ұйымдарда жұмыс істеу арқылы алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануды үйренеді.