11 қаңтар күні Yessenov University профессоры Әділет Қабыловтың туған күніне орай «Әділет Қабыловтың әдебиеттанудағы қолтаңбасы» атты іс-шара өтті.
Yessenov University Президенті Берік Ахметов педагог-ғалым, ф.ғ.к., профессор Әділет Дыбысұлын құттықтап, жиынды ашып берді.
Әділет Қабылов қазақ әдебиетінің тарихын, әдебиет теориясын, қазақ прозасы мен тәуелсіздік дәуірдегі әдебиетін, қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесін, сатира мен ирония поэтикасын зерттеп келеді. Қазір Әбіштану саласына ерекше еңбек сіңіруде.
Өткен жылы ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті қаржыландыратын «Әбіш Кекілбаев шығармашылығы қоғамдық сананың жаңғыруы контексінде» атты ғылыми жобасын ұтып алды.
Аталмыш ауқымды ғылыми жобаның жетекшісі ретінде ғалымдар тобын басқарып, жаңа ізденістерге жол ашты.
Осы жоба аясында жақында «Әбіш Кекілбаевтың ақындық әлемі» атты монографиясы жарық көрді. Бүгінгі шарада сол кітаптың лентасы қиылып, кеңінен таныстырылды.
Әділет Дыбысұлының өлеңіне жазылған «Ақтауым-ару, әз мекен», «Астанам», «Бақытты балалық шақ», т.б. танымал әндер бар.
Жақында Ақтау қаласының 60 жылдығы құрметіне өткен мерекелік гала-концерт «Ақтауым-ару, әз мекен!» деген атпен ұйымдастырылды. Осы аттас ән ширек ғасырдан бері қала гимніне айналды.
Осы орайда Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Н.Сали әйгілі ән мәтінінің авторын Ақтау қаласының 60 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады.
Сондай-ақ Түпқараған аудандық мәслихатының төрағасы А.Нұғманов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы МОФ төрағасы Н.Көлдеубаев кеш иесін құттықтап, марапаттарын ұсынды.
Кеш қорытындысында туған күн иегері салтанатты шараны ұйымдастырушылар мен қонақтарға алғыс айтты.