Жоба бойынша атқарылған ғылыми – зерттеу жұмыстары

«Жасыл өсу контекстінде Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің тұрақты дамуы: кешенді талдау, тұжырымдама, болжамдық бағалау және сценарийлер» БМҚ BR21882122 Мега Гранттының шеңберінде Есенов университеті және П. П. Ширшов атындағы океанология институты ғалымдарынан құралған зерттеу тобы далалық тәжірибелік жұмыстарын жүргізу үшін экспедицияға шықты.

Экспедиция кезеңінде Орта Каспий жағалауындағы су айдынына кешенді зерттеулер жүргізілді. Орындалған жұмыстардың нәтижесінде қайраңдағы теңіз суларының гидрологиялық және гидрохимиялық параметрлерінің кеңістіктік таралуы туралы жаңа мәліметтер алынды.  Гидрологиялық өлшеулер 17 станцияда жүргізілді және SBE SeaCat 19plus зондының көмегімен тік температура профильдерін, су бетінен түбіне дейінгі электр өткізгіштік өлшелінді. Желдің бағыты мен жылдамдығын, атмосфералық қысым мен температураны жұмыс тобы өлшей отырып, гидрохимиялық талдаулар жүргізу үшін су бетіндегі 14 нүктеден сынамалар алды. Сынамаларды талдаудан өткізіп, мәліметтерді салыстыра отырып өз қорытындыларын жасады.