Жоба бойынша атқарылған ғылыми – зерттеу жұмыстары

Yessenov University профессоры Әділет Қабыловтың жетекшілігімен орындалып жатқан ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті қаржыландыратын ғылыми жоба аясындағы ізденіс жұмыстарының нәтижесінде заманымыздың заңғар тұлғасы – көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Дәурен кешкен» атты жаңа жыр жинағы жарық көрді.

Кітапта қаламгердің бұрынғы жинақтарына енбеген және еш жерде жарияланбаған өлеңдері мен балладалары жинақталып, ақынның үшінші жыр жинағы ретінде оқырманға ұсынылып отыр. Құрастырып, алғысөзі мен түсініктерін жазғандар: Ә.Қабылов пен Б.Жайлауов.  Кітапты шығарған – «Мазмұндама» қоғамдық қоры. Тиражы – 2000 дана.

АСТАНА САПАРЫ ТУРАЛЫ

Жобаның жұмыс жоспарына сәйкес, 22 қыркүйек – 2 қазан аралығында жоба жетекшісі Ә.Қабылов пен жетекші ғылыми қызметкер Б.Жайлауов Астана қаласында іссапарда болды. Астана қаласынан зерттеу тобының мүшесі, НУ оқытушысы М.Шохаев қосылып, зерттеу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілді.

Ұлттық пантеондағы Ә.Кекілбаев бейітінің басына зиярат жасағаннан кейін зерттеушілер тобы Ә.Кекілбаевтың жұмыс кабинетімен, жеке кітапханасымен танысты. Жазушының немересі Абыл Әулетұлы Кекілбаев жазушы туралы біраз ақпараттарға қанықтырды. Топ мүшелері қаламгер қолжазбаларымен жұмыс істеп, кітаптарына енбеген шығармаларын жинады.

         Зерттеушілер көп уақытын Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткізді. Әбіш Кекілбаев атындағы оқу залында үйіндегідей үлгіде жасақталған залда жеке кітап қоры бойынша тізіммен материалдар жинақталған. Сол арқылы әдебиетшінің ізденіс әлемі мен әдісіне үңіліп, жазушының жиі қолданған әдебиеттерімен, жазушының шығармаларының қолжазбасымен танысуға болады.

         Іссапар аясында зерттеушілер тобы жазушының немересі Абыл Кекілбаевпен бірге Астанадағы Ә.Кекілбаев атындағы Binom School мектеп-лицейіне кездесуге барды. Мұғалімдермен және оқушылармен кездесу өткізіп, зерттеу жұмыстары туралы баяндады. Оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Ә.Кекілбаев шығармаларына арналған зерттеу еңбектерін тарту етті.

Сонымен қатар, ҚР Академиялық кітапханасында өткізілген бірқатар мәдени-танымдық, ғылыми-әдістемелік шараларға қатысып, белсенділік көрсетті. Алдағы уақытта Ә.Кекілбаевтың бұрын баспасөзде жарияланғанымен жыр жинақтарына енбеген және еш жерде жарияланбаған өлеңдерінен жинақ құрастырып, әдеби-ғылыми айналымға енгізу жоспарланды.

АЛМАТЫ САПАРЫ ТУРАЛЫ

         Зерттеу тобы мүшелері Ә.Қабылов пен Б.Жайлауов 2023 жылдың 19-29 қазаны аралығында Алматы қаласында арнайы іссапармен болды Мақсаты – әлемге әйгілі қаламгердің жемісті жылдарында жазған шығармаларына жан-жақты зерттеу жүргізу; мәдени астанадағы бүгінгі әдеби және ғылыми орта өкілдерінің бағасын білу; сондай-ақ сирек қолжазбалар қорындағы және жекелеген азаматтардың қолындағы автордың жарияланбаған мұраларын жинау; әр жылдары шыққан басылымдардағы шығармалардың мәтіндерін салыстыра қарастыру.

         М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында болып, Ә. Кекілбаев қазақ тіліне аударған У.Шекспирдің «Ромео мен Джулетта» трагедиясын көрді.

         Зерттеу тобы мүшелері он күн бойы мына мекемелерде болып, жұмыс істеді:

         – Ұлттық кітапханада;
         – Ғылым академиясына қарасты М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында;
         – ҚР Президенті Архивінде;
         – Қазақстан Жазушылар Одағында;
         – Баспалар үйінде;
         – Мемлекеттік орталық музейде
         – М.Әуезовтің музей-үйінде, Ғ.Мүсірепов пен С.Мұқановтың, А.Байтұрсыновтың музейлерінде болды.

         Аталмыш мекемелер мен ұйымдардың бәрінің Ә.Кекілбаевтың шығармашылығына тікелей қатысы бар. Ондағы қазіргі ізбасарлары мен әріптестері және қаламдастары мен замандастары ізденушілерді ықыласпен қарсы алып, ой-пікірлерімен бөлісті. Әсіресе, әдебиетте де, мемлекеттік қызметте де ізбасары болған Ө.Оралбайұлы, Ә.Кекілбаевтың көмекшісі әрі әдеби хатшысы болған Н.Сәрсенқызы, баспагер, ғалым Ғ.Әнес, т.б. азаматтар өздері білетін құнды деректермен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп, қолында бар құжаттарын ұсынды. Ө.Оралбайұлы мен Н.Сәрсенқызынан Ә.Кекілбаев туралы сұхбат жазып алынды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты директорының орынбасары Төралы Қыдырмен, осы институттың ғылыми қызметкері, 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихының 9-томындағы «Әбіш Кекілбаев» бөлімін жазған филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Ордамен сұхбаттасты.

Зерттеушілер ҚҰ Ұлттық кітапханасында бірнеше күн бойы жұмыс істеді.

ЖАЗУШЫНЫҢ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ

         2023 жылдың 3 желтоқсан күні зерттеу тобының мүшелері Ә.Қабылов пен Б.Жайлауов Маңғыстау ауданына барып, Ә.Кекілбаевтың туған, балалық және жастық шағы өткен жерлерге саяхат жасады. Ә.Кекілбаевтың анасы мен туыстарының, кәрі нағашысы Әбді ахунның зираттарына барып, құран оқыды. Онды ауылында, Ағашты және Мырзайыр, Басқұдық жерлерінде болып, жазушы туған, балалық шағы өткен жерлердің ауасымен тыныстап, суреткерді қалыптастырған табиғи-географиялық ортамен тереңірек танысты. Онды аулының әкімі Қуаныш Сүйеу мен сол ауылдың тұрғыны, саяси қайраткер, қоғам белсендісі Жәнібек Қожық ауылдың тарихы мен көрнекті жерлердің Ә.Кекілбаев өміріндегі орны туралы құнды мәліметтер берді.

Ғылым күні

12 сәуір – Ғылым күніне орай университетімізде ашылған ғылыми-инновациялық көрмеге АР19678872 «Әбіш Кекілбаев шығармашылығы қоғамдық сананың жаңғыруы контексінде» гранттық жобамыз бойынша баннер дайындадық.

12 сәуір күні YU бас ғимаратында ғылыми еңбектер мен ғылыми жобалар көрмесі ашылды. Біз де бүгін гранттық қаржыландыру бойынша жүргізіліп жатқан жобамыздың аясында зерттеу тобымызбен бас қосып, жобаның орындалу барысын тағы бір пысықтап алдық. Университетімізге академиялық ұтқырлық бойынша келіп, білім алушыларға дәріс оқып жүрген зерттеу тобының мүшесі, шетелдік ғалым, Костамону университетінің (Түркия) профессоры Орхан Сөйлемез бауырымызбен бірге атқарылған істерді талқылап, алдағы жоспарымызды айқындадық. Орхан бей – филология докторы, профессор, көп жылдан бері қазақ-түрік әдеби-мәдени байланыстарын дамытуға, қазақ қаламгерлерінін туындыларын түрік тіліне аударып, насихаттау ісіне көп еңбек сіңіріп жүрген ғалым. Оның зерттеу нысанының бірі – Ә.Кекілбаев шығармашылығы. Ғалым Әбіш ағамыздың шығармаларын түрік тіліне аударып, кітап шығарды, беделді басылымдарда мақалалар жариялап жүр. Қазақстандық көптеген ЖОО-мен тығыз байланыста. Әріптесіміздің бұл келісі де табысты боларына сенімдіміз. Біздің жобамыз бойынша біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бір табысы – осы жоба аясында әзірленген, 16 сәуір күні өтетін Ә.Кекілбаевтың “Дәурен кешкен” атты жаңа  жыр жинағының таныстырылымы өтеді.

ТҮРКИЯ САПАРЫ ТУРАЛЫ

Ғылыми жобаның жұмыс жоспарына сәйкес, 28 сәуір – 8 мамыр аралығында жоба жетекшісі Ә.Қабылов және ғылыми қызметкерлер Б.Жайлауов пен М.Шоқай Түркия Республикасында іссапарда болдық.

Жобамыздың зерттеу тобының мүшелері, PhD докторанттар Б.Жайлауов және М.Шоқаймен бірге Стамбул қаласында өткен Халықаралық ІІІ Топқапы конгресінде Ә.Кекілбаев шығармашылығы бойынша баяндама жасадық. Спикер – М.Шоқай. Тақырыбы: «MYTHICAL ORIGINS IN THE PROSE OF ABISH KEKILBAYULY».

Одан кейін Кастамону қаласына келіп, ондағы университет ғалымдарымен тәжірибе алмастық. Зерттеу тобының мүшелерін Кастамону университеті Гуманитарлық пәндер факультетінің деканы Мехмет Серхат Иылмаз мырза арнайы қабылдап, жылы қарсы алды. Екі оқу орны арасындағы әріптестердің ғылыми, оқу-әдістемелік байланыстарын нығайту туралы әңгімеміз пайдалы болды. Зерттеу тобымыздың мүшесі, осы университеттің профессоры, доктор О.Сөйлемезбен жоба бойынша атқарылған жұмыстарды талқылап, алдағы жоспарымызды пысықтап алдық. Университеттің Хаджи Ахмет Шимшек, Өмір Фарух Атеш, Мехмет Қылдыроғлы сияқты танымал ғалымдарымен ғылыми бағыттағы пікір алысуларымыз да нәтижелі болды. Біздің сапарымыз туралы сол күні Кастамону университетінің ресми сайтында жарияланды: «Kazakistan Cumhuriyyeti Yessenov Universitesinden Fakultemisge Ziyaret». https://itbf.kastamonu.edu.tr/index.php/component/content/article/kazakistan-cumhuriyeti-yessenov-ueniversitesinden-fakueltemize-ziyaret?catid=2&Itemid=101

Университет ғалымдарымен «Developmend of Internotional relationship in the field of scientific research» тақырыбында тәжірибе алмасу шараларына қатысқанымыз жөнінде унииверситет профессоры О.Сөйлемез сертифткат тапсырды.

Іссапар аясында Стамбул, Кастамону, Анкара қалаларында бірнеше жоғары оқу орындары мен кітапханаларында болып, ғалымдармен тәжірибе алмастық. Анкарадағы Гази университеті мен Қажы Байрам Уәли университеті гуманитарлық пәндер факультеті декандарымен танысып, олардығы оқу үрдісін ұйымдастыру мен ғылымды дамыту жайына қанықтық. Гази университеті пән факультетінің деканы проф. Решат Касап пен Қажы Байрам Уәли университеті гуманитарлық пәндер факультеті деканы проф. Эрдал Аксой университеттегі оқу-әдістемелік жұмыстар мен ғылымды ұйымдастырудағы тәжірибелерімен бөлісті. Ғылыми-әдістемелік байланыстарды дамыту жайы сөз болды.

Жобамызға қатысты материалдар қарастырдық. Әсіресе, Түркия Ұлттық кітапханасынан алған әсеріміз зор болды. Стамбулдағы Мимар Синан университетінде көрнекті тарихшы ғалым, түркітанушы, шоқайтанушы, профессор Әбдіуақап Қарамен кездестік. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметін, шығармашылығын зерттеу тарихын айтып, жалпы ғылыми шығармашылығымен таныстырды.

Түркия сапары ойдағыдай өтіп, мақсатына жетті. Ғылыми ізденіс бағытымыз бен заманауи оқыту зерттеулер бойынша біраз мәліметтер алып, әріптестермен тәжірибе алмасып, рухани олжалы болып оралдық.

ҚР ҒЖБМ ҒК 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурсы бойынша қаржылындырылатын АР19678872 – «Әбіш Кекілбаев шығармашылығы қоғамдық сананың жаңғыруы контексінде» ғылыми жобасы бойынша зерттеу тобының 2024 жылғы 02 – 09 маусым аралығында Мәскеу қаласында болған іссапары жөнінде

Ғылыми жобаның жұмыс жоспарына сәйкес, 02 – 09 маусым аралығында жоба жетекшісі Ә.Қабылов және ғылыми қызметкерлер Б.Жайлауов пен М.Шоқай Түркия Республикасында іссапарда болдық. Іссапар жоспарына сәйкес, іс-шараларға қатысып, Ресей мемлекеттік кітапханасы мен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің кітапханасында жұмыс істедік.

03 маусым күні Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігінде болып, қызметкерлерімен кездесіп, іссапарымыздың мақсатын түсіндірдік. Елшілік кітапханасына Ә.Кекілбаевтың орыс тіліндегі бес томдық жинағын табыс еттік. Елшілік қызметкері Ерлан Төлеубаев бізді қаладағы Дон зиратына апарып, сол жердегі Ә.Бөкейханов пен Н.Нұрмақов секілді алаш арыстарының басына зиярат етіп, құран оқыдық.

04 маусым күні Ресей халықтары үйінің Федерация залында өткен белгілі орыс жазушысы, суретші, ақын, аудармашы А.А.Кимнің шығармашылық кешіне қатыстық. Анатолий Андреевич Ким – қазіргі орыс әдебиетінің көрнекті өкілі, жүзден астам кітаптың авторы, шығармалары отыз шақты тілге аударылған. Ол Қазақстанның тумасы, көптеген қазақ қаламгерлерінің шығармаларын орыс тіліне аударған. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын, Ә.Нұрпейісов, О.Бөкеев, Т.Әбдіковтың бірнеше кітаптарын аударып, олардың өзге де шетел тілдеріне аударылуына жол ашқан. А.А.Ким Ә.Кекілбаевтың көптеген шығармаларын аударған, олар: «Аңыздың ақыры» («Конец легенды») романы, «Күй» («Баллада забытых лет»), «Шыңырау» («Колодец»), «Бәсеке» (Состязание»), «Құс қанаты» («Крылатый снег»), «Шеткері үй» («Дом на окраине»), «Автомобиль» (Баллада о шофере»), «Бәйгеторы» («Байгеторы, гнедой скакун»), «Бір шоқ жиде» («Купы джида») повестері және «Ақырғы аялдама» («Конечная остановка»), «Көлденең көк атты» («Мой добрый дядя Самат»), «Тасбақаның шөбі», («Черепашья трава»), «Керек адам» («Нужный человек»), «Ең бақытты күн» («Самый счастливый день»), «Міне керемет» («Ну и чудеса»), «Есболай», «Аш бөрі» («Возврашение») әңгімелері.

Шығармашылық кеште жоба жетекшісі Ә.Қабылов сөз алып, жазушыны 85 жылдық мерейтойымен құттықтап, облыс әкімі Н.Қибылайдың атынан құттықтау адресін табыстады және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ә.Байпақов арнайы беріп жіберген шапанды иығына жапты. Кеште қонақтар сөйлеп, жазушының шығармашылығы туралы ойларын ортаға салды, оның әдебиет пен бейнелеу өнеріндегі табыстарына тоқталды. Соңында автор өзінің жаңадан шыққан кітабымен таныстырып, қолтаңбасын берді, фото сессия жүргізілді.

Кейінгі күндері Ресей мемлекеттік кітапханасы мен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің кітапханасында болып, топ мүшелері әдебиеттанудан теориялық еңбектер мен Ә.Кекілбаев шығармашылығына қатысты материалдар іздестіріп, өнімді жұмыс істеді. Осы кітапханаларға Ә.Кекілбаевтың 5 томдық шығармалар жинағын табыстадық. Кітапхана қызметкерлері бұл сыйымыз үшін ризашылықтарын білдіріп, ректордың атына алғыс хат жазамыз деді. ММУ-дің музейін аралап, Ресейдің тұңғыш жоғары оқу орнының тарихымен таныстық. Кітапхананың ғылыми қызметкері Елена Юревна айтқандай, бұл оқу орнының тарихы Ресей тарихымен, елдің ғылыми-техникалық жетістіктерімен, ғылымының дамуымен тығыз байланысты екеніне көз жеткіздік. Бұл музей экспонаттары бізге үлкен әсер қалдырды.

6 маусым күні биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған Қызыл алаңдағы Кітап фестивалінің ашылуына қатыстық. А.С.Пушкиннің туған күніне орай ашылған фестиваль төрт күнге созылады екен. Ресей астанасының зиялы қауымы мен кітапқұмар оқырмандар түгел осында жүр десек болады. Ресейдің барлық өңірлері мен облыстарының кітап өнімдері қойылған жәрмеңке өте бай және түрлі салалар мен тақырыптарды қамтиды. Біз де Ә.Кекілбаев шығармаларын насихаттадық.

8 маусым күні А.А.Ким біздерді Переделкинодағы үйінде қабылдап, қонақ қылды. Болашақ түсіретін оқу фильмі үшін сұхбат алдық. Жазушы төрт жарым сағат бойы біздермен емен-жарқын әңгімелесті. Әңгіме тақырыбы әр алуан болды: жалпы әдебиет пен өнер туралы, өзінің шығармашылық жолы, қазақ жазушыларымен достығы, қазақстандағы ақын-жазушылармен болған кездесулерінен естеліктер, Ә.Кекілбаевпен достық және шығармашылық байланысы, оның шығармаларын орыс тіліне аударудағы мәселелер т.б. Зайыбы Лия да әңгімеге араласып, жылы лебізімен бөлісіп отырды. Мерейтой қарсаңынды арнайы келгеніміз үшін ризашылығын білдірді. Облыс әкімі Н.Қилыбай мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ә.Байпақовқа сый-сияпат пен құттықтаулары үшін рақметін айтып, кітабына қолтаңба жазып берді. Біздерге де кітаптарын сыйлап, жақсы лезібін жазып, қолтаңбасын берді.

Іссапар соңында Мәскеудің көрнекті жерлерін аралап, Үлкен театр, Третьяков галереясы, Көрме залы (ВДНХ). Қорыта айтқанда, Мәскеу сапары өте жемісті болды. Мақсатымыз орындалып, жоба бойынша құнды материалдар таптық әрі тангым мен талғам өреміз кеңейіп, мерейіміз өсіп қайттық.

 

Ә.Қабылов,

жоба жетекшісі.

2-9 маусым, 2024 ж.