Жаһандық сын-қатерлер мен құқықтық трансформациялар

18 желтоқсан күні Yessenov University-де «Жаһандық сын-қатерлер мен құқықтық трансформациялар: конституционализм, цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі адам құқықтары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып, цифрландыру мен жасанды интеллект жағдайында құқықтық жүйенің эволюциясы, конституционализм қағидаттары және адам құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктерін талқылауға арналды.

Конференция жұмысына Конституциялық Соттың судьясы, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау жүйесінің өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік жетекші ғалымдар қатысты. Ашылу салтанатында Yessenov University зерттеу және даму жөніндегі вице-президенті Асқар Әбиұлы Сейдалиев құттықтау сөз сөйлеп, жаһандық өзгерістер жағдайында құқықтық мәдениетті дамыту мен академиялық сараптаманың рөлін атап өтті.

Халықаралық ғылыми диалог форматына айналған конференция құқық ғылымының дамуына, цифрлық дәуірдегі құқықтық саясатты ғылыми негіздеуге және университеттің қазақстандық әрі халықаралық серіктестерімен академиялық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталды.