Yessenov University магистранты Қытайдағы Shuangliang Group компаниясында өндірістік тағылымдамадан өтті

Yessenov University Инжиниринг факультетінің Энергетика кафедрасының магистранты Төлеген Бағлан Қытай Халық Республикасының Шанхай өңірінде орналасқан Shuangliang Group компаниясында өндірістік тағылымдамасын сәтті аяқтады.

Shuangliang Group — энергия тиімділігі, сутегі технологиялары және өнеркәсіптік жылуалмасу жүйелері бойынша әлемдік деңгейдегі жетекші инженерлік компания. Тағылымдама барысында магистрант сутегі өндіру қондырғыларының жұмыс принциптерімен, әртүрлі типтегі жылуалмастырғыштардың конструкциялық ерекшеліктерімен, сондай-ақ компанияның заманауи сынақ орталығының техникалық мүмкіндіктерімен жан-жақты танысты.

Сонымен қатар Бағлан өндірістік процестерді бақылау, технологиялық жабдықтарды сынау, өлшеу және техникалық параметрлерді талдау әдістері бойынша тәжірибелік дағдыларын дамытты. Бұл тәжірибе оның ғылыми-инженерлік дайындығын нығайтып, сутегі энергетикасы бағытындағы кәсіби құзыреттілігін арттыруға елеулі үлес қосты.

Аталған тағылымдама — университеттің инженерлік дайындықты халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, өндірістік серіктестіктерді кеңейту және студенттердің кәсіби мобильдігін дамыту стратегиясының бір бөлігі болып табылады.