Іс-шара аясында YU ҚХА кафедрасы жанындағы «Қоғамға қызмет ету» инновациялық оқу-әдістемелік орталығы қызметінің қорытындысы ұсынылып, Маңғыстау облысының еріктілік жылының ашылуы басталды. Фойеде «Қоғамға қызмет ету» пәні шеңберінде орындалған волонтерлік қызметтің түрлі бағыттары бойынша студенттік жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Студенттер қонақтарға өз жұмыстарын таныстырып, сұрақтарға жауап беріп, жобалар бойынша алдағы жоспарларымен таныстырды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінің, даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №3 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығы тәрбиеленушілерінің студенттермен бірлесе көрсеткен өнерлері шараның ең әсерлі сәті болды.
Көрермендерге «Қоғамға қызмет ету» орталығының қызметі туралы бейнеролик ұсынылды, студенттер жоба туралы алған әсерлерімен бөлісті.
Іс-шара барлық қатысушылардың қолдауымен студенттердің орындауында «Маңғыстау еріктілері» атты мерекелік флешмобпен аяқталды.