2025 жылдың 10-24 ақпаны аралығында Үздіксіз білім беру институтында «Технологиялық білім беру ойындары мен симуляциялары: оқытудың жаңа тәсілдері» тақырыбында профессорлық-оқытушылық құрамға арналған біліктілікті арттыру курстары өтті.Оқуға «Әлем тілдері», «Қазақ философиясы», «Тарих» және басқа да кафедралардың 20-дан астам оқытушысы қатысты. «Әлем тілдері» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доцент), филология ғылымдарының кандидаты Қонысбаева Сания Ишановна заманауи технологияларды қолдану арқылы оқытудың жаңа әдістерінің мазмұнымен таныстырды.
Курс қатысушылары виртуалды шындық пен жасанды интеллектінің интерактивті оқытудағы рөлі, технологиялық білім беру ойындары мен симуляцияларының артықшылықтары – мотивацияны арттыру, білім алушыларды оқу үдерісіне тарту, практикалық дағдыларды меңгеру және түрлі оқыту стильдеріне бейімделу мәселелерімен танысты. Сонымен қатар, білім беру үдерісінде өзгерістерді жүзеге асыру әдістері жан-жақты қарастырылды.
Тыңдаушылар цифрлық және үстел ойындарын қолдану арқылы сыни ойлау, логика және шығармашылық дағдыларды дамыту тәсілдерін меңгерді.
Курс соңында әрбір тыңдаушыға белгіленген үлгідегі сертификат табысталады.