Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» еңбегі негізінде дөңгелек үстел

Yessenov University «Туризм және тілдер» факультетінің, «Қазақ филологиясы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры А.Т. Жеткизгенованың ұйымдастыруымен Т. Жұртбайдың «Құнанбай» (Тарихи және әдеби тұлға) еңбегі негізінде дөңгелек үстел өтті.

Ұлтымыздың рухани темірқазығы, кемеңгер ойшыл, қазақтың мәңгі өшпес рухы — ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өткен дөңгелек үстелге университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Пікір алмасу барысында қазақ сөз өнерінің барлық жанрында қалам тартып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай зерттеуіндегі Құнанбайға қатысты тарихи шындық пен Мұхтар Әуезов шығармасындағы көркем шындық өзара салыстырылып талданды.

Қазақ тарихындағы жетекші тұлғалардың бірі Құнанбайдың ұлттық руханияттағы орны архив құжаттары, көпшілікке беймәлім қолжазбалар, естелік дәптерлер мен жазбалар негізінде жазылған «Құнанбай» кітабының құндылығы арқылы дәріптеліп, қызықты деректер ортаға салынды.