QS World University Rankings 2026 нәтижелері

2025 жылғы 19 маусым күні беделді халықаралық рейтинг агенттігі QS (Quacquarelli Symonds) әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бірі — QS World University Rankings 2026 нәтижелерін жариялады. Бұл рейтингке әлемдегі шамамен 30 000 университеттің ішінен 8567 университет қатысып, тек 1501 ЖОО ғана жаһандық тізімге енді. Биыл рейтингке 112 жаңа университет қосылды, оның үшеуі — Қазақстаннан.

Yessenov University алғаш рет осы жаһандық рейтингке еніп, 1201–1400 деңгейіндегі орынға ие болды. Сонымен қатар, Қазақстаннан рейтингке енген 20 университеттің арасында 15-орынды иеленді. Бұл — аймақтық университеттің халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.

QS жаһандық рейтингіне ену — бұл университеттің жетістіктерін мойындау ғана емес, сонымен қатар стратегиялық маңызы бар жаңа даму кезеңінің бастамасы. Бұл — инновацияға, халықаралық ықпалдастыққа және орнықты дамуға негізделген Yessenov University-дің даму стратегиясының нақты нәтижесі.

Yessenov University ұжымын және студенттерін осы тарихи жетістікпен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл халықаралық мойындау университеттің жаңа белестерге бет алғанының жарқын дәлелі!