Ағымдағы жылдың 19-мамырынан бастап Үздіксіз білім беру институтының ұйымдастыруымен «Бейнеу ормандар және жануарлар дүниесін қорғау» КММ мемлекеттік қызметкерлеріне арналған «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздік: орман және жануарлар дүниесін сақтау» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы басталды. Курсты экология саласында 10 жыл тәжірибесі бар, «Экология және геология» кафедрасының аға оқытушысы Хожанепесова Фариза Мусабековна жүргізеді. Курс мақсаты – мемлекеттік қызметкерлерге Қазақстан Республикасындағы және Маңғыстау облысындағы орман және жануарлар дүниесін қорғау саласындағы экологиялық саясат пен қауіпсіздік туралы жүйелі білім беруге бағытталған. Сонымен қатар, тыңдаушылар экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару, биоалуантүрлілікті сақтау, және құқықтық-нормативтік негіздерді меңгереді.
Курс теория мен практиканы үйлестіре отырып, қатысушылардың экологиялық ойлау қабілетін, құқықтық сауаттылығын, сондай-ақ табиғатты қорғау саласындағы басқарушылық дағдыларын дамытуға бағытталған. Тыңдаушылар курсты аяқтаған соң орман ресурстарын және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі заңнаманы тәжірибеде қолдана алатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтармен жұмыс істей алатын, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдай алатын кәсіби маман ретінде қалыптасады.