18 сәуір күні Yessenov University-де Ғылым апталығы аясында «Инжиниринг» факультеті мен «Мұнайхимиялық инжиниринг» кафедрасының ұйымдастыруымен техника ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Әшімжан Сүлейменұлы Ахметовтің 75 жылдығына арналған «Қазақстандағы жоғары білім мен еңбек нарығын интеграциялаудың заманауи моделі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік еске алу конференциясы өтті.
Іс-шараға профессордың жұбайы Омарова Дина Смаилқызы, туыстары, әріптестері, шәкірттері және студенттер қатысты.
Конференцияны университеттің вице-президенті А.Ә. Сейдалиев құттықтау сөзбен ашты. Басқосу барысында Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары А.Ж. Еділханов, техника ғылымдарының докторы, Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы, кафедра профессоры С.Т. Зәкенов, «Экология және геология» кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Қ.Ә. Қожахмет пен Ф.Қ. Нұрбаева, сондай-ақ Дина Смаилқызы профессор туралы естеліктерімен бөлісіп, баяндамалар жасады.
Конференция аясында студенттер арасында шахмат және тоғызқұмалақ бойынша жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарды вице-президент А.Ә. Сейдалиев құттықтап, марапаттарды Дина Смаилқызы табыстады.
Конференция жұмысы үш секция бойынша жалғасып, қатысушылар профессордың құрметіне арналған Әшімжан Сүлейменұлы Ахметов атындағы аудиторияда болып қайтты. Омарова Дина Смаилқызы аудиторияға естелік ретінде компьютер сыйға тартты.