11 желтоқсан күні Yessenov University-де Отбасы банк өкілдерімен кездесу өтіп, университет оқытушылары мен ғылыми қызметкерлеріне арналған «Корпоративтік» тұрғын үй бағдарламасын бірлесіп іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Келісім шеңберінде тараптар әрқайсысы 200 млн теңгеден бөліп, жалпы 400 млн теңге көлемінде қаржы қарастырады. Бұл қаражат Маңғыстау облысында шамамен 20 қызметкерді жеңілдетілген шарттармен тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Отбасы банкпен бірлескен «Корпоративтік» бағдарлама аясында университет қызметкерлері Маңғыстау облысында тұрғын үйді жылдық 5% мөлшерлемемен (ЖТСМ 5,2–5,3%), 20 млн теңгеге дейінгі сомада, кемінде 10% бастапқы жарнамен сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бағдарламаға қатысушылар тізімін университет қалыптастырады, бұл әлеуметтік жағынан неғұрлым қолдауды қажет ететін, жас отбасылар мен ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған қызметкерлерге басымдық беруге жол ашады.
Аталған келісім университет ұжымына жасалып отырған нақты әлеуметтік қолдау ғана емес, өңір үшін маңызды инженерлік және техникалық мамандықтарды даярлап отырған жоғары оқу орнының кадрлық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Yessenov University ұжымы Отбасы банкке және оның ұжымына серіктестік танытып, университет оқытушыларына көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғыс білдіреді.