2024 жылдың 30-қыркүйегінде Үздіксіз білім беру институты меморандум аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша Кәсіби даму институтымен бірлесе облыс педагогтеріне арналған «Орта білім берудегі заманауи цифрлық трендтер және инновациялық тәжірибе» тақырыбында семинар өткізді.
Семинардың мақсаты – цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жағдайында білім беру жүйесін дамыту және озық іс-тәжірибелерді тарату.
Семинар жұмысына Есенов университетінің педагогикалық мамандық факультеттерінің профессорлық-оқытушылар құрамы белсене қатысып, «Ғылым және технологиялар» факультетінің «Іргелі ғылымдар» кафедрасының оқытушылары өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Аталмыш іс-шараның спикерлері педагогика ғылымдарының кандидаты, «Іргелі ғылымдары» кафедрасының профессоры Кощанова Гулаш Рахметкызы, химия мамандығы бойынша PhD докторы, «Жаратылыстану ғылымдар» кафедрасының доценті Ибраева Маншук Муратовналар оқу үдерісін цифрландыруға және әлемдік тәжірибені ескере отырып, сабақ беру процесіне жасанды интеллектті енгізу ерекшеліктеріне, заманауи цифрлық трендтегі педагогикалық тәжірибе және білім беру технологияларына тоқталып, тәжірибелерімен, идеяларымен және ең озық практикасымен бөлісті. Атап айтсақ, «Wolfram Alpha» білім қоры, кез-келген күрделі ғылыми-математикалық сұрақтарға онлайн жауап беретін шағын бағдарлама және де ол дайын жауаптарды беріп қана қоймайды, сонымен қатар пайдаланушының сұранысы бойынша ең күрделі математикалық есептерді шешеді. «Идеядан басылымға дейін: онлайн кітапты құру және насихаттау» бойынша нұсқаулық цифрлық баспаға қатысты процестер туралы жан-жақты түсінік береді және оның қазіргі әлемдегі өзектілігін көрсетеді. Зерттеу барысында біз идеяны тұжырымдамалық әзірлеуден бастап жылжыту және маркетинг стратегияларына дейінгі онлайн кітапты құрудың негізгі қадамдары қарастырылды.
Семинар соңында іс-шараға қатысушылар ұйымдастырушыларға мазмұнды семинар үшін алғыстарын білдірді, бірқатар ұсыныстар қабылданды.