Маңғыстау облысы әкімдігінің жанындағы ғылыми кеңес

20 маусым күні Yessenov University қабырғасында Маңғыстау облысы әкімдігінің жанындағы алғашқы ғылыми кеңес отырысы өтті.

Ғылыми кеңес отырысына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, өңірдің ғылыми қауымдастық өкілдері мен ірі өндірістік кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Ғылыми кеңес өңірдің өзекті мәселелерін ғылыми негіздеме мен тұжырымдамаға сүйене отырып шешу мақсатында құрылды.

Отырыс барысында ғалымдардың зерттеулерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шығындарды азайту, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу, сондай-ақ өңірдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жолдарды жөндеу және салу, суды тұщыландыруға пайдаланудың қажеттілігі талқыланды.

Жиында Каспий теңізі жағалауында орналасқан өңірде балық шаруашылығы саласын дамыту мақсатында Yessenov University, облыстық балық шаруашылығы басқармасы, Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты және «Қазақстандық Қолданбалы Экология Агенттігі» ЖШС арасында «Каспий теңізі аквашаруашылығы ғылыми-қолданбалы орталығын» құру бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Сондай-ақ, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай университет аумағында салынып жатқан Yessеnov Technopark, Жастар паркі, Трибуналы стадион және Теңіз академиясының жаңа ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты.