24 қараша күні Yessenov University-не Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Самет Сәкен Ілиясұлы келіп, университеттің материалдық-техникалық базасымен танысып, зертханалар мен оқу корпустарын, сондай-ақ технопарк пен инновациялық инфрақұрылымды аралады.
Сапардың жалғасы ретінде университетте «Заң және тәртіп» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға факультет декандары мен вице-декандары, қызметкерлері, сондай-ақ белсенді студенттер қатысты.
Самет Сәкен Ілиясұлы жастарға қолданыстағы заңнама, қоғамдық тәртіп, жеке құқықтар мен міндеттер жөнінде мазмұнды ақпарат беріп, құқықтық қауіпсіздіктің маңызын атап өтті.
Диалог формасында өткен кездесуде студенттер өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, нақты жауап алды. Талқылау ашық, конструктивті және танымдық сипатта болды.
Бұл бастама – университеттің студенттерге құқықтық мәдениетті меңгерту, жауапты азамат тәрбиелеу және қоғам қауіпсіздігіне үлес қосу бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі.