2025 жылғы 15 желтоқсаннан бастап 29 желтоқсанға дейін «AI and shaping the skills of the future: digital literacy and critical thinking» (Жасанды интеллект және болашақ дағдыларын қалыптастыру: цифрлық сауаттылық пен сыни ойлау) тақырыбында біліктілікті арттыруға арналған білім беру курсы өтуде.
Курс XXI ғасырдың негізгі құзыреттерін дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, жасанды интеллекттің жұмыс істеу қағидаттарын түсіну, цифрлық сауаттылықты арттыру және цифрлық трансформация жағдайында сыни ойлауды қалыптастыру көзделген.
Курстың тренері — Ravensbourne University London (Ұлыбритания) университетінен шақырылған PhD, профессор Дабабрата Чоудхури. Ол жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және білім беру инновациялары саласындағы халықаралық деңгейде танылған сарапшы.
Бағдарлама аясында қатысушылар: жасанды интеллекттің негіздері мен оны кәсіби қызметте қолдану мүмкіндіктерін, цифрлық сауаттылықты арттыру құралдарын, сыни және аналитикалық ойлауды дамыту әдістерін, сондай-ақ еңбек нарығындағы болашақ өзгерістерге сәтті бейімделу үшін қажетті дағдыларды меңгереді.
Оқу үдерісі интерактивті форматта өтіп, теориялық сабақтар мен практикалық кейстерді ұштастырады. Курс білім беру, ғылым, басқару салаларының мамандарына, сондай-ақ цифрлық және аналитикалық құзыреттерін дамытуға қызығушылық танытқан барлық азаматтарға арналған.
Курс нәтижесінде оқуды сәтті аяқтаған барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.