2025 жылдың 5 желтоқсан күні “Заң мен тәртіп” жобасы және “Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күні” аясында Есенов университеті факультеттерінің арасында “БРЭЙН-РИНГ” интеллектуалды сайысы өткізілді.
Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту болды.
Интеллектуалды бәсекеде факультеттерден құралған командалар қылмыстық құқық, әкімшілік құқық, мемлекет және құқық теориясы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, сондай-ақ күнделікті өмірдегі құқықтық жағдайларға байланысты сұрақтарға жауап беріп, білім деңгейлерін көрсетті. Әр кезең логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және командамен бірлесе әрекет ету қабілеттерін талап етті.
Сайыс қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған және белсенділігімен ерекшеленген командалар жүлделі орындарға ие болып, арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара барысында студенттер құқықтық мәдениеттің маңызын тағы бір мәрте сезініп, адалдық пен әділдікті басты құндылық ретінде ұстану қажеттілігін түсінді. Бұл форматтағы кездесу студенттердің құқықтық білімін арттыруға және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға өз үлесін қосты.