5 желтоқсан күні Yessenov University-де «Гейдар Әлиев және Қазақстан: көшбасшылық, мұра және заманауи маңызы» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара Әзербайжан халқының ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің жарқын рухына арналды.
Конференция офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, Қазақстан, Әзербайжан және өзге де туыс елдерден келген ғалымдарды, дипломаттарды, студенттерді және қоғам қайраткерлерін бір алаңға тоғыстырды.
Іс-шара Yessenov University-нің «Әзербайжан орталығы» мен халықаралық қатынастар кафедрасының ұйымдастыруымен, Ақтаудағы Әзербайжан Республикасының Бас консулдығының қолдауымен өтті.
Құрметті қонақтар қатарында бауырлас мемлекеттердің Бас консулдары болды:
Айхан Сулейманлы — Әзербайжан Республикасының Бас консулы,
Сабри Алптекин — Түркия Республикасының Бас консулы,
Гуломирза Хашими — Иран Ислам Республикасының Бас консулы,
Мереддурды Абдыллаев — Түрікменстанның Бас консулы,
Жамолиддункуджа Абдукаримов — Өзбекстан Республикасының Бас консулы.
Конференция модераторы — «Әзербайжан орталығының» директоры, халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы Илькин Оруджов.
Пленарлық отырыста Қазақстан мен Әзербайжанның жетекші ғалымдары Гейдар Әлиевтің саяси және рухани мұрасы, оның қазақ-әзербайжан әріптестігін дамытудағы тарихи рөлі туралы мазмұнды баяндамалар жасады.
Шара аясында «Гейдар Әлиевтің өмірі мен қызметі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оның мемлекет қайраткері ретіндегі тарихи миссиясы мен заманауи Әзербайжанның қалыптасуына қосқан үлесі туралы басылымдар ұсынылды.
Конференция жылы әрі достық атмосферада аяқталып, қатысушылар мен студенттер бейресми әңгіме барысында болашақ бірлескен жобалар жайында пікір алмасты.