25 мамыр күні Yessenov University жоғары оқу орнында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» республикалық жобасын талқылауға бағытталған Маңғыстау облысы Қазақстан халық Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының (ҚХА ҒСТ) кеңейтілген отырысы өтті.
Аталмыш шараға Маңғыстау облысы мемлекеттік органдар мен этномәдени орталықтардың басшылары (ЭМО), ғылыми интеллигенция өкілдері, ҚХА ҒСТ мүшелері қатысты.
Университет ректоры, ҚХА ҒСТ жетекшісі Берік Ахметов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы ғылыми-сараптамалық жұмыстардың негізгі бағыттарымен таныстырып, жаңа формациядағы мамандар даярлауда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының ерекше роліне тоқталды және аталған міндеттерді сапалы орындауда мемлекеттік ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарымен ашық сұхбат пен ынтымақтастықта қызмет етудің маңызын атап өтті.
Yessenov University кітапханасының директоры Абошева Г.К. рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру аясында аударылып, басып шығарылған 18 оқулық пен Маңғыстау облысы ҚХА Депазитарийіне түскен жаңа басылымдар жөнінде ақпарат берді.
ҚХА ҒСТ мүшелері: мәдениеттану ғылымының кандидаты Мамбетова, тарих ғылымдарының кандидаттары Абланова Э.А., Бекешов С.С. ұсынылған оқулықтардың мазмұндық ерекшеліктері жөнінде баяндамалар оқыды.
Маңғыстау облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Исмурзина Г.М., этномәдени орталықтардың жетекшілері Шахшаев Ю.А., Маденова Р.И., Гусейнов Ш. А., Лорсанов М.У., Кержбаум Ю.И., Курдоглян А.А. қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты қалыпты дамыту бағытында облыстың сараптамалық әлеуетін жетілдіру жөнінде пайдалы ұсыныстар мен ұтымды пікірлер енгізді.