2018 жылғы 10 қаңтарда Ш. Есенов атындағы КМТИУ-дың ғылыми кеңесінің кезектен тыс кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс Елбасы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жасаған Жолдауын талқылауға арналды.
Кезектен тыс кеңейтілген ғылыми кеңес отырысын университет ректоры Берік Бақытжанұлы Ахметов ашып, өз сөзінде білім және ғылым, ақпараттық технологиялар, бәсекеге қабілеттілік, ашықтық және әрдайым өзін-өзі жетілдіріп отырудың негізгі тетіктеріне тоқталды.
Талқылау барысында сөз алған «Көлік және құрылыс» факультетінің деканы Ж.Ж. Жұмаев ақпараттық технологиялардың маңыздылығын атап, қазіргі таңда бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау барысында жаңа технологияларды қолдану, оны оқу үрдісінде пайдаланып қана қоймай, тәжірибелік зертханалардың қабырғаларында машықтандырудан өткізіп отырудың мәнісімен бөлісті.
«Педагогика» факультетінің деканы Б.А. Көшімова Адами капиталдың білім сапасын дамытудың негізі екенін атап көрсетіп, үш тілді білім беру бағдарламалары, ұстаздар мен оқытушыларға жүктелген жауапкершілік, жаратылыстану және ақпараттандыру салаларын жетік меңгеруі тиіс екендігін айтты.
«Ақпараттық жүйелер және энергетика» кафедрасының меңгерушісі М.Б. Жұмадилова цифрлық технологиялар туралы және оны білім саласында қалай қолдану бойынша нұсқаулықтарын көрсетіп, дәріс беру барысында қалайша тиімді қолдануға болатындығын айқындады.